• Сб. Ноя 8th, 2025
Популярные метки

Түркістандық келін облыстық байқауда жүлделі орын иеленді

Автор:admin

Окт 21, 2025

Түркістан қаласының жас келіні Мұстафа Ботакөз облыстық деңгейде өткен «Келіндер бәйгесі» байқауында ІІ орынды иеленіп, қаланың абыройын асқақтатты. Ол бұл жетістікке дейін Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен қалалық іріктеу кезеңінде үздік өнер көрсетіп, әділқазылардың жоғары бағасын алып, облыстық сайысқа жолдама алған болатын.

«Келіндер бәйгесі» байқауының басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу, келіндердің инабаттылығы мен әдептілігін, қолөнер мен аспаздық шеберлігін таныту, сонымен қатар жас ұрпаққа үлгі боларлық ізгі қасиеттерді насихаттау.

Облыстық деңгейдегі сайысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген келіндер қатысып, бірнеше аталым бойынша сынға түсті. Қатысушылар ұлттық тағам әзірлеу, салт-дәстүрді сахналау, сәндік қолөнер мен отбасылық көрініс номинацияларында өз өнерлерін ортаға салды.

Байқауда Ботакөз Мұстафа қазақы дәстүрге сай инабатты келіннің бейнесін сәтті сомдап, ұлттық тағам әзірлеудегі шеберлігімен және тапқырлығымен ерекшеленді. Сондай-ақ ол отбасы құндылықтарын дәріптейтін шағын көрініс көрсетіп, келін мен ене арасындағы сыйластықты, әулеттегі үйлесімділікті көрерменге әсерлі жеткізді.

Қазылар алқасы Ботакөздің сахна мәдениетін, сөйлеу мәнерін және өнерге деген талпынысын жоғары бағалады. Нәтижесінде түркістандық қатысушы байқаудың ІІ дәрежелі дипломымен және арнайы сыйлықпен марапатталды.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар дәстүр сабақтастығының маңыздылығын атап өтіп, жастар арасында ұлттық тәрбиені нығайту және келіндердің қоғамдағы беделін арттыру бағытында осындай жобалардың жалғасатынын жеткізді.

Мұстафа Ботакөз өз сөзінде:
«Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ұлттық дәстүр мен келіндік жауапкершілікті паш ету – әрбір қазақ қызының борышы. Осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – деді.

Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері мұндай бастамалар жас отбасылардың мәдени және рухани әлеуетін арттырып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты күшейтетінін атап өтті.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *