• Вт. Дек 16th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАНДА ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҚ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Автор:admin

Дек 15, 2025

Түркістанда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Әйелдер мен қыз-келіншектерді бастамашылдығын қолдауға арналған маңызды қоғамдық-саяси алаңның ашылуына «AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, ізгі тілектерін арнады.
Түркістан облысындағы әйелдерге арналған «Бөрте» саяси көшбасшылық мектебінің ашылуын қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды әрі тағылымды бастама екенін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәлімдеді.
– Бүгін ашылуы өтіп жатқан «Бөрте» саяси мектебінің қабырғасында білім алған әйел көшбасшылар елдік мүддені алға қоятын, қоғамның дамуына нақты үлес қосатын тұлғалар боларына күмән жоқ. Бұл мектептен дәріс алған қыз-келіншектер болашақта мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси салада, кәсіпкерлік пен әлеуметтік бастамаларда елге үлгі көрсетеді деген сенімдеміз, –деді Ертай Кенжебекұлы.
Мектептің ашылу салтанатына және алғашқы лекцияларға аудан, қалалардағы партия филиалдары Әйелдер қанатының жетекшілері, белсенді құрамы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаларда қызмет атқаратын, белсенді қоғамдық ұстанымымен танылған қыз-келіншектер, халықтың сенім мандатын иеленген нәзік жанды депутаттар, облыстық Әйелдер қанатының 10 бағыт бойынша бекітілген жетекшілері, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.
«AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы гендерлік саясатты жетілдіру бойынша Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының негізгі ұсыныстарын, әлемдік аналитикалық орталықтардың ұлттық гендерлік саясатты бағалауларын, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы мен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының кешенді әлеуметтік зерттеуін, оқу құралдарындағы гендерлік құрылымдарды зерттеу нәтижелерін таныстырып өтті. Әйелдер үшін кәсіби саладағы кедергілер, Гендерлік алшақтықтың жаһандық индексі, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдердің көрсеткіштері, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатытының миссиясы мен мақсаттары, 10 басымдық аясындағы негізгі бастамалары, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуда «Tomiris» жобасының міндеттері, «Әйел аманаты» жобасының бастамалары таныстырылды.
Алғашқы дәрістер барысында қатысушылар саяси көшбасшылықтың негіздері, қоғамдық коммуникация, стратегиялық ойлау, шешім қабылдау мәдениеті, партиялық және ақпараттық жұмыс пен мемлекеттік басқарудың заманауи талаптары жөнінде жан-жақты білім алды.
Айта кетсек, Түркістан облысында жалпы халық санының 49 пайызын әйелдер құрайды. Биылғы жылдың 10 он айында 38 мың бала дүниеге келді. Қазіргі таңда, облыста 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 18 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері болса, 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері атанған. Түркістан облысында шамамен 212 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 89 мыңға жуығын немесе 42 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Сонымен қатар өңіріміздегі 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі нәзік жандылар болса, оның 233-і – басшылық лауазымдарды атқарады

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *