• Чт. Фев 5th, 2026
Популярные метки

ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ТҰРҒЫНДАРҒА КОЛАЙЛЫЛЫҚ АРТТЫ

Автор:admin

Дек 17, 2025

Түркістан қаласында қоғамдық көлік қызметін жетілдіру, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді тасымал қызметін ұсыну бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы – өңірдің экономикалық өсімімен, тұрғындардың өмір сапасымен және қауіпсіздік көрсеткіштерімен тікелей байланысты. Сол себепті қоғамдық көлік саласын жаңғырту міндеті әрдайым қала әкімдігінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Түркістан қаласында қоғамдық көліктердің таңғы рейстері күн сайын 06:30-да басталады. «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты автобус паркінің жұмысы бірнеше кезеңнен тұратын бақылау арқылы жүзеге асады. Ең алдымен жүргізушілер медициналық тексеруден өтеді. Арнайы мамандар олардың денсаулық жағдайын тексеріп, рейске шығуға жарамдылығы туралы рұқсат береді. Бұл – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғашқы әрі маңызды қадамы.

Келесі кезең – автобустардың техникалық бақылауы. Механиктер көліктің әр бөлшегін тексеріп, белгілі бір талаптарға сәйкестігін қарап шығады. Тежегіштер, жарық беретін құрылғылар, қозғалтқыш, есік механизмдері және қауіпсіздікке жауапты өзге де техникалық жүйелер толықтай тексеруден өткеннен кейін ғана автобус азаматтарды тасымалдауға жіберіледі. Барлық процесс операторлық орталық арқылы бақылауға алынады. Бұл ретте диспетчерлер қозғалыс кестесінің сақталуын, жолдағы жағдайды, автобустардың нақты уақытта қай жерде жүргенін жіті қадағалайды.

«Жолаушы» ЖШС Түркістан қаласында қоғамдық көлік қызметін 1966 жылдан бері үздіксіз атқарып келеді. Қазіргі таңда кәсіпорын тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатында 142 автобусты пайдаланып, 16 бағыт бойынша үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етеді. Бұл — қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы, әрі тиімді қатынас жүйесін ұсынып отырған ірі тасымалдаушы. Күн сайын жүздеген бағдар бойынша жұмыс жүргізу үшін шамамен 300 қызметкер еңбек етеді. Олардың әрқайсының жұмысы — қала ішіндегі қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың жайлы жүруіне тікелей әсер ететін маңызды еңбек.

Биыл автобус паркі 16 жаңа көлікпен толықты. Жыл соңына дейін тағы 10 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда енгізіліп жатқан көліктердің басым көпшілігі халықаралық стандарттарға сай, экологиялық таза әрі жолаушыларға жайлылық ұсынады. Бұл — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс сапасының артуына оң ықпал ететін нақты қадам.

Қызмет көрсетіп жатқан автобустардың сыйымдылығы орта есеппен 60 адамға арналған. Жолаушылар қауіпсіздігін арттыру мақсатында көліктердің барлығына бейнебақылау камералары орнатылған. Камералар салон ішін де, сыртқы аумақты да қамтиды. Бұл – қоғамдық көліктегі тәртіпті бақылау, төтенше жағдайлардың алдын алу, жолаушылар қауіпсіздігін сақтауда маңызды тетік.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуы үшін барлық автобустарда арнайы пандустар қарастырылған. Әлеуметтік топтарға жағдай жасау – қаладағы инклюзивті бағытты дамытудың маңызды көрсеткіші.

Қазіргі цифрландыру дәуірінде қоғамдық көліктегі төлем жүйесін жаңарту да маңызды. Түркістан қаласында барлық автобустарға электронды төлем жүйесі орнатылған. Жолаушылар жолақысын QR код арқылы, банктік картамен, SMS арқылы немесе өзге де қолайлы әдістермен төлей алады. Бұл жүйе уақытты үнемдеп қана қоймай, тасымалдау саласындағы ашықтықты арттырады.

Қоғамдық көлік қызметінің тұрақты бақылануы қаладағы тұрғындарға қызмет сапасын арттырып, жергілікті әкімдіктің халықпен байланысын күшейтеді. Сонымен қатар Түркістанның дамып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық орталық екенін айқын көрсетеді. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау — қала мәдениетінің, тәртіптің және тұрғындарға деген қамқорлықтың белгісі.

Түркістан қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа бағыттарды ашу, автопаркті толық жаңарту, заманауи талаптарға сай қауіпсіздікті күшейту жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Бұл — өңірдің даму стратегиясы аясындағы негізгі міндеттердің бірі. Қала әкімдігі қоғамдық көлік саласын одан әрі жетілдіру арқылы тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыруды жалғастырады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *