Түркістан облысында экономикалық даму мен өңірлік индустрияны дамыту мақсатында жаңа өндірістік парк және шағын өндірістік алаңдар жобалары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірдегі кәсіпкерлікті қолдауға, отандық өнім өндірісін арттыруға, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі шағын өндірістік парктердің қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты баяндады. Әкімнің айтуынша, Түркістан маңында жалпы көлемі 100 гектарды қамтитын «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы қолға алынған. Жоба аясында 152 ғимарат салынып, 6 040 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда жобаның І кезеңінде 40 ғимарат бой көтеріп, оның ішінде 32 жоба іске қосылды және 1 220 жұмыс орны ашылды. Осылайша, бюджеттің әр 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік туды.
Өндірістік парк аумағында әртүрлі салалар бойынша кәсіпорындар іске қосылуда. Атап айтқанда, жиһаз өндірісі, жаңбырлатып суғару жүйелері, сусындар шығару, мұздатқыш жабдықтар, құрылыс материалдары және тұрмыстық химиялық бұйымдар өндірісіне басымдық берілуде. Бұл бағытта отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілген. Сонымен қатар, алдағы уақытта бейнекамералар, медициналық жиhаз және тұрмыстық химиялық өнімдерді жергілікті өндіріс арқылы қамтамасыз ету жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің мәлімдеуінше, шағын өндірістік алаңдарды дамыту жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Әрбір аудан мен қалада, сондай-ақ халық тығыз орналасқан ауылдық округтерде өндірістік алаңдар құрылып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттар іске қосылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту.
Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылып, 115 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 30 млрд. теңгені құрап, 1 124 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ордабасы ауданында 10,5 гектар аумаққа құрылатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі – 10,4 млрд. теңге, 100 жаңа жұмыс орны жоспарланған.
Облыс бойынша қазіргі уақытта жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылған. Негізгі өндіріс бағыттары ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке бұйымдары, химиялық өнімдер, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп салалары айқындалған. 192 ғимараттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, ал келесі жылы бұл нысандарды толық аяқтап, іске қосу жоспарлануда.
Әкімнің атап өтуінше, шағын өндірістік парктер мен өндірістік алаңдарды дамыту тек экономикалық тиімділікпен шектелмей, сонымен қатар әлеуметтік маңызды міндеттерді де шешуге септігін тигізеді. Жаңа өндіріс орындары жастарға тұрақты жұмыс орнын ұсынса, сонымен қатар аймақтағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Құрылыс және өндіріс саласында жұмыс істейтін адамдардың әлеуетін дамыту арқылы аймақ тұрғындарының табысын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға болады.
Жалпы, Түркістан облысында іске асырылып жатқан жобалар өңірдің индустриалды дамуын жандандырумен қатар, экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және экспорт әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен жеке инвесторлар бірлесіп жұмыс жасап, өндірістік инфрақұрылымды дамытуды, жаңа өндірістерді іске қосуды және әлеуметтік маңызды жобаларды қолдауды жалғастырады.
Сонымен қатар, өндіріс саласын дамыту және шағын өндірістік парктерді жаңғырту жұмыстары аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да ықпал етеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, жастар арасында кәсіпкерлік рухты көтеруге және аймақ экономикасының серпінді дамуына жағдай жасайды.
Түркістан облысының кәсіпкерлікті дамытуға, өндірісті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жүйелі жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатын болады. Облыс әкімдігі инвесторларға қолайлы жағдай жасап, заңнамалық тұрғыдан барлық қажетті жеңілдіктер мен қолдауды қамтамасыз етуде. Жаңа өндірістік алаңдар мен шағын өндірістік парктердің іске қосылуы өңірдің экономикалық дамуын арттырудың, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің және халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды факторы болып отыр.
Осы жобалар арқылы Түркістан облысы Қазақстандағы индустриалды даму және кәсіпкерлікті қолдау бойынша үлгіге айналып отыр. Өңірде өндірістің барлық салалары дамытылып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттардың іске қосылуы арқылы тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары қамтамасыз етіледі, ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтеріледі.
