Түркістан облысында туризм саласы жыл сайын жаңа қарқын алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды жобалар мен жүйелі жоспарлау нәтижесінде Түркістан бүгінде халықаралық туристік орталық ретінде қалыптасып отыр.
Президент өз Жолдауында туризмді экономиканы әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атап, инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше мән берген болатын. Түркістанға берілген ерекше мәртебе, мәдени және тарихи мұраларды жаңғырту, жаңа нысандарды іске қосу – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, туристік брендін күшейтуге мүмкіндік берді.
Жыл басынан бері Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келген. Бұл – өңір туризміне деген қызығушылықтың артқанын дәлелдейді. Туристік қызметтен түскен табыс көлемі 6,6 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. 2025 жылдың үшінші тоқсанында орналастыру орталықтарында демалғандар саны 251 мың адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер ішкі туризмнің ғана емес, халықаралық бағыттардың да дамып келе жатқанын аңғартады.
Облыстағы табиғи аумақтар ерекше сұранысқа ие. Жыл басынан бері 144 мыңнан астам адам өңірдің табиғи аймақтарына барып, экотуризм бағыттарына қызығушылық танытты. Ал тарихи-мәдени орындарға 959 мыңнан астам адам саяхаттаған. Түркістанның тарихы терең, руханиятқа бай мекен екенін ескерсек, бұл көрсеткіштер заңды құбылыс. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Күлтөбе қалашығы, Отырар, Сауран секілді тарихи орындар отандық және шетелдік туристердің назарында.
E-qonaq электронды жүйесі бойынша да нақты деректер ұсынылды. 2025 жылдың 10 айында өңірге 43,8 мың шетелдік келген. Олардың қатарында Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия және Франция азаматтары бар. Бұл – былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық өсім. Халықаралық туристердің көбеюі өңірдің танымалдылығы артқанын ғана емес, инфрақұрылымның талапқа сай дамып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд теңгеге жетті. Бұл – өңірге деген сенімнің, инвестициялық мүмкіндіктердің және ұзақмерзімді жобаларға қызығушылықтың көрінісі. Облыста жаңа туристік бағыттар мен өнімдер әзірленіп, халықаралық деңгейдегі жобалар іске асырылып жатыр.
Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Бұл нысандар өңірдің мәдени келбетін жаңғыртып, туристер үшін жаңа қызықты локациялар қалыптастырады. Қолөнершілер орталығы ұлттық құндылықтарды насихаттауға, дәстүрлі өнерді дамытуға және шетелдік қонақтарға қазақ мәдениетін таныстыруға зор мүмкіндік береді.
Жыл соңында пайдалануға берілетін 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром халықаралық деңгейдегі жарыстар, фестивальдер, спорттық шаралар өткізуге жағдай жасайды. Бұл – Түркістанды спорттық туризмнің орталығына айналдыруға бағытталған маңызды қадам.
Туризм саласындағы табыстар елдегі бірлік, тұрақтылық және әділдік қағидаттарымен тығыз байланысты. Өңірдің дамуы – тұрғындардың тығыз ынтымақтасып, ел мүддесіне қызмет етуінің нәтижесі. Туризмнің өркендеуі Түркістанның экономикасына ғана емес, патриоттық сезімді арттыруға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге де ықпал етеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсету, тарихи мұраны сақтау және елдің халықаралық беделін нығайту – осы саланың басты миссияларының бірі.
Түркістан облысының әкімдігі алдағы уақытта да туризмді дамытуға бағытталған бастамаларды жалғастыратынын мәлімдеді. Жаңа туристік жобалар, инфрақұрылымды жаңарту, халықаралық байланыстарды кеңейту, қызмет сапасын арттыру – өңірдің стратегиялық жоспарында бар. Осы жұмыстардың барлығы Қазақстан қоғамында сенім, жауаптылық, бірлік пен ынтымақ құндылықтарын нығайтып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Өңір туризмі дамыған сайын, Түркістанның рухани орталық ретіндегі рөлі де арта түсуде. Саяхатшылар санының көбеюі, экономикалық өсім, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, халықаралық аренадан көрінуі – осының бәрі өңірдің жарқын болашағын айқындап отыр.
