Түркістан қаласында мәдениет пен әлеуметтік жауапкершілікті ұштастырған маңызды оқиға өтті. Өңірде алғаш рет инклюзивті бағыттағы «Дара ұрпақ» театры ашылып, оның шымылдығы ерекше жандардың қатысуымен сахналанған «Жарық» мюзиклінің премьерасымен түрілді. Бұл оқиға тек жаңа театрдың ашылуы ғана емес, қоғамда тең мүмкіндік, мейірім мен адам әлеуетіне деген сенімді нығайтқан рухани маңызы зор мәдени бастама ретінде бағаланды.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, театр ұжымын, құрылтайшыларды және жас өнерпаздарды тарихи бастамамен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде инклюзивті театрдың маңызын атап өтіп, бұл өнер ордасы тек сахналық қойылымдар көрсететін орын емес, ерекше балалардың қабілетін ашып, қоғамға еркін араласуына жол ашатын мүмкіндік алаңы екенін жеткізді.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету, оңалту орталықтарының желісін кеңейту жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, Түркістан облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Қасиетті Түркістанда инклюзивті бағытта ашылған алғашқы театрдың «Жарық» қойылымымен көрерменге жол тартуы – өңірдің әлеуметтік және мәдени дамуының айқын көрінісі екені айтылды.
– Өнерде де тең мүмкіндіктер болуы тиіс. «Дара ұрпақ» театры ерекше қабілетті, қайсар әрі талантты балалардың өнерін кеңінен танытып, олардың қоғамдағы орнын айқындайды. Биылдың өзінде облыстағы кәсіби үш театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық премьера сахналанды. Бұл қойылымдар еліміздің бірнеше аймағында көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Дара ұрпақ» театры да осы өнер ұжымдары сияқты биік белестерді бағындыратынына сенім мол, – деді Нұралхан Көшеров.
Театрдың құрылтайшылары – әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов те сөз сөйлеп, жаңа театрдың ашылуын жүректен туған өнер мен үзілмеген үміттің, ерекше жандардың жеңісі деп атады. Олардың айтуынша, бұл жоба ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, өз-өзіне деген сенімін арттыруға және қоғамның оларға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған.
«Жарық» мюзиклі көрерменге ерекше форматта ұсынылды. Қойылым LED экраннан көрсетілген таныстыру бейнеролигімен басталып, Әлидің әсерлі сахналық көрінісімен жалғасты. Қоларбадағы бишілердің топтық биі, ерекше балалардың орындауындағы нөмірлер көрерменге зор әсер сыйлады. Сонымен қатар балалардың сурет байқауында салған ең үздік жұмыстары бейнеролик арқылы көпшілік назарына ұсынылып, олардың ішкі жан дүниесі мен шығармашылық әлемін тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Сахна төрінде ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, сондай-ақ көру және есту қабілеті шектеулі 70-ке жуық талантты бала өнер көрсетті. Бұл қойылым – әр баланың жүрегіндегі үміт отын үлкен алауға айналдырған, өмірге деген құштарлық пен жігерді паш еткен ерекше сахналық туынды болды. Қайсар балаларды облыстың кәсіби театр әртістері мен жас өнерпаздары қолдап, сахнада бірге өнер көрсетуі қойылымның мазмұнын тереңдете түсті.
Қойылым соңында барлық қатысушылар бірігіп «Өмір сүр» әнін орындап, сахна төрі жарыққа толды. Бұл сәт көрермен үшін ерекше эмоцияға толы, жүрекке жеткен әсерлі көрініске айналды. Залда отырған көпшілік өнерпаздарды ұзақ уақыт қол соғып, ыстық ықыласын білдірді.
Шара соңында өңір басшысы Нұралхан Көшеров театр ұжымымен және жас өнерпаздармен естелікке суретке түсіп, сыйлықтар табыстады. Бұл – ерекше балалардың еңбегіне, талантына көрсетілген құрмет пен қолдаудың белгісі болды.
Айта кету керек, бүгінде Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам бала бар. Өңірде балаларға арналған 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істеп, 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсеткен. Сонымен қатар Түркістанда балалардың денсаулығын нығайтуға арналған заманауи оңалту орталығы ашылып, ерекше балалар мен жастарға арналған «Сауран» спорт клубы тұрақты жұмыс жүргізуде. Бұл клубтың тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып, өңір абыройын асқақтатып жүр.
«Дара ұрпақ» инклюзивті театрының ашылуы – Түркістан өңіріндегі мәдениет пен әлеуметтік саясаттың тоғысқан жарқын үлгісі. «Жарық» мюзиклінің премьерасы ерекше балалардың шексіз мүмкіндігін, өнер арқылы қоғамға үн қата алатынын дәлелдеді. Бұл бастама қоғамда мейірім мен түсіністікті арттырып, әр баланың қабілеті мен дарыны бағаланатын орта қалыптастыруға жол ашары сөзсіз.
