Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласының аумағында жаңа тұқымбақтың жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жобаны жандандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған.
«SK GeoKart» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында облыс орталығындағы 10 гектар аумақта арнайы тұқымбақ іске қосылды.
Тұқымбақта көшет отырғызу жұмыстарының іске асуын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып, өндірістік және агротехникалық процестермен танысты. Қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған жылыжайлар орнатылған. Мұнда өсімдіктердің дұрыс дамуына қажетті агротехникалық талаптар қатаң сақталып, жыл бойы үздіксіз өсіру жұмыстары жүргізіледі.
Жоспар бойынша тұқымбақта 700 мың біржылдық гүлдер, 1 млн түп жапырақты ағаш көшеті, 500 мың түп қылқанжапырақты ағаш көшеті өсіріледі. Сонымен қатар раушан гүлдері мен әртүрлі бұталар өсіріліп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тұрақты жасыл қор қалыптастырылмақ.
