Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) 30 жылдық мерейтойы – еліміздің қауіпсіздігі жолында қажырлы еңбек етіп жүрген құтқарушылар қауымы үшін үлкен тарихи белес. Бұл атаулы дата тек қызметтің шежіресін парақтап, жетістіктерді саралайтын сәт қана емес, сондай-ақ қоғаммен етене байланыс орнатып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды шаралардың кезеңі болып отыр.
Осыған орай республика көлемінде бастау алған «30 игі іс» акциясы аясында түрлі ізгі істер атқарылуда. Бұл бастамаға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жас құтқарушылары да белсенді үн қосты. Жастар «Құтқарушы қамқорлығы» жобасы шеңберінде ардагерлерге арнайы барып, оларға тұрмыстық жағынан көмек көрсетіп, жылы жүздерімен көңілдерін көтерді.
Аталған іс-шара барысында жас мамандар бір кездері ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек еткен аға буынның үй шаруасына қолғабыс тигізіп, ауланы тазалап, күнделікті тұрмыста қажет болатын жұмыстарды тындырып берді. Ардагерлер де өз кезегінде бүгінгі буынның ізеттілігі мен елге қызмет етуге деген құлшынысына риза болып, баталарын берді.
Жас құтқарушылар бұл бастаманың маңызын жақсы түсінеді:
«Ардагерлерімізге қамқорлық көрсету – бұл тек парыз ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Біз үшін бұл – өткенге тағзым мен болашаққа үлгі. Құтқарушы – тек төтенше жағдайларда ғана емес, күнделікті өмірде де жанашыр жан болуы тиіс», – дейді олар.
Бүгінгі жас құтқарушылар – ТЖМ-мен түйдей құрдас. Олар министрлік құрылған жылы өмірге келіп, бүгінде оның қатарына қызметке тұрып үлгерген жаңа буын. Бұл – ерекше байланыс, ортақ тарих пен ортақ жауапкершіліктің символы. Сондықтан да олар ТЖМ-нің 30 жылдық мерекесін тек салтанатты шаралармен ғана емес, нақты игі істермен қарсы алуды жөн санауда.
Айта кетейік, «30 игі іс» акциясы министрлік мерейтойы шеңберінде бүкіл ел бойынша ұйымдастырылуда. Оның басты мақсаты – халықпен тығыз қарым-қатынас орнату, көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беру және құтқарушылардың тек қызмет бабында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді екенін көрсету.
Мұндай жобалар – құтқарушы мамандығының биік гуманистік рухын танытады. Бұл – төтенше жағдайлармен күресу ғана емес, сонымен қатар адамгершілік, мейірім мен қамқорлықтың символы. Ардагерлерге құрмет, жастарға тәрбие берудің осы бір қарапайым әрі шынайы жолы – ТЖМ-нің 30 жылдық мерейтойының мәнін тереңдете түседі.