• Пн. Дек 22nd, 2025
Популярные метки

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ТАБИҒАТТЫ КӨРКЕЙТУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық акциясы ел аймақтарында кең қолдау табуда. Бұл бастама – тек бір реттік іс-шара емес, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстардың бірі. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп келе жатқан «Таза бейсенбі» акциясы Ордабасы ауданында да тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен өткізіліп келеді.

Бүгін дәстүрлі экологиялық бастама аудан орталығы – Темірлан елді мекенінде жалғасын тапты. Қоршаған ортаға жанашырлық танытуды насихаттайтын бұл шара аясында арнайы дайындалған аумақта тал егу жұмыстары жүргізіліп, көгалдандыруға бағытталған игі тірліктер жүзеге асырылды. Аталған аумақ болашақта ауданның жасыл аймағына айналып, тұрғындардың демалып, тынығатын көрікті орнына айналады деп күтілуде.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудан әкімінің орынбасарлары Мейрамбек Ақмұратов пен Илияс Тұнияз, зиялы қауым өкілдері, дербес бөлім қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері және аудан тұрғындары қатысты. Барлығы 100-ге жуық азамат табиғатты көркейту жолында бірлесе еңбек етіп, 200 түп тұя мен арша көшеттерін отырғызды. Бұл – ауданның жасыл қорын ұлғайтуға қосылған елеулі үлес.

Экологиялық шара барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев табиғатты қорғау мәселесінің қоғам үшін аса маңызды екеніне назар аударды.
«Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін арттырудағы үлкен қадам. Партия бұл бастаманы нақты істермен қолдап, өңірлерде жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Таза орта – әрбір азаматтың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін басты фактор. Егілген әрбір ағаш – келешек ұрпаққа қалдырылған аманат. Сондықтан мұндай игі әрекеттер адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін тереңдетіп, экологиялық сананың қалыптасуына ықпал етеді,» – деді ол.

Темірлан елді мекенінде өткен бүгінгі акцияның ерекшелігі – жастардың белсенділігі мен тұрғындардың бірлескен еңбегі. Бұл тек ағаш отырғызу ғана емес, қоғамда экологиялық ойлау жүйесін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам болды. Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, баршамыздың ортақ борышымыз екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Жасыл желекті көбейту – қоршаған ортаны қорғау, климаттық тепе-теңдікті сақтау және ауданның экологиялық ахуалын жақсарту жолындағы маңызды іс. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ордабасы ауданы келешекте көркем де таза өңірлердің қатарына қосылатыны сөзсіз. Бұл бастама әсіресе жастарға үлгі болып, олардың туған жерге деген махаббатын арттыруға ықпал етеді.

Адам мен табиғаттың байланысы – үзілмейтін құндылық. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы тек бүгіннің емес, ертеңнің аманатын арқалаған бастама. Аудан тұрғындарының белсенділігі мен бірлігінің арқасында табиғатты аялау мәдениеті нығайып, экологиялық жауапкершілік деңгейі артып келеді.

Бүгінгі өткізілген тал егу жұмыстары – үлкен өзгерістердің бастауы. Әрбір егілген жасыл түп – таза ауаның, гүлденген ортаның және келер буынның жарқын келешегінің кепілі. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *