• Пн. Дек 22nd, 2025
Популярные метки

ТАЗА БЕЙСЕНБІ – ИГІ ІСТЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы еліміздің барлық өңірінде кеңінен қолдау тапты. Бұл бастаманың басты мақсаты – қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға жұмылдыру. Осы бағытта «AMANAT» партиясы да экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, өз бастамасы ретінде «Таза бейсенбі» акциясын жүйелі түрде өткізіп келеді.

Дәстүрлі экологиялық шара Түркістан облысының Ордабасы ауданында ұйымдастырылды. Акцияға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, партияның аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әділет Әбухайыров, сондай-ақ партия мүшелері, жергілікті билік өкілдері, жастар мен ауыл тұрғындары жалпы 100-ге жуық адам қатысты.

«Таза бейсенбі» акциясы барысында Темірлан ауылынан Ынталы ауылына дейінгі аралықта жол бойына ағаш егу жұмыстары ұйымдастырылды. Қатысушылар 200 түп тұя мен арша көшеттерін отырғызды. Бұл тек табиғатты көгалдандыру шарасы ғана емес, сонымен қатар елдің экологиялық мәдениетіне қосылған нақты үлес болды. Акция барысында ағаштарды отырғызу, топырақты дайындау, көшеттерге суару сияқты жұмыстар жүргізіліп, қатысушылардың әрбір қадамы қоршаған ортаны қорғауға бағытталды.

Іс-шара барысында сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев акцияның қоғам өміріндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастамаға партия да өз үнін қосып, нақты істермен қолдау көрсетіп келеді. Таза орта – салауатты қоғамның кепілі. Әрбір егілген ағаш – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан осындай шаралар арқылы адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруымыз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей бұл акцияның жастарды еңбекке, табиғатты құрметтеуге тәрбиелейтінін, ауылдың әрбір көшесі жасыл желекке оранса ол болашақтың көркі екенін жеткізді. Акцияға қатысушылардың белсенділігі жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты қорғауға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.

«AMANAT» партиясы елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «жасыл аймақтарды» көбейту және таза ортаны сақтауға бағытталған шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Партия филиалдары мен бастауыш ұйымдары «Таза бейсенбі», «Ағаш отырғызу апталығы» сияқты акцияларды тұрақты өткізіп, халықты табиғатты қорғауға жұмылдыруда. Бұл шаралар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыруға, жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге бағытталған.

Ордабасы ауданында өткен «Таза бейсенбі» акциясы – қоғамның экологиялық мәдениетін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Сенбілікке қатысқан әрбір адам табиғатты қорғауға, жасыл желектерді өсіруге және қоршаған ортаны абаттандыруға үлесін қосты. Сонымен қатар, шара қатысушыларға бірігіп еңбек ету арқылы ортақ игі іске қосқан үлестің маңызды екенін көрсетіп, қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті күшейтті.

Акция сонымен қатар жастар мен балаларға экологиялық тәрбиені насихаттауға арналған. Іс-шара барысында жас ұрпаққа табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау, қалдықтарды дұрыс өңдеу және қайта пайдалану сияқты мәселелер түсіндірілді. Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдердің қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың бойына патриоттық және жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.

Ордабасы ауданында өткізілген «Таза бейсенбі» – тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған маңызды акция. Әрбір егілген ағаш, әрбір тазартылған аумақ – келер ұрпаққа аманат, экологиялық мәдениеттің кепілі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *