• Ср. Ноя 19th, 2025
Популярные метки

«Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Балтакөл ауылының әкімшілігі мен ауыл жастарының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Балтакөл ауылдық мәдениет үйінің кітапханасында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға мекеме қызметкерлері, ауыл ардагерлері, жастар өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Жиынды ауыл әкімшілігінің маманы Б. Сартбаев ашып, қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны, оның салдары және құқықтық жауапкершілік туралы кеңінен мәлімет берді. Ол өз сөзінде:

«Қандай жағдай болса да, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – әр азаматтың міндеті. Пара алу да, пара беру де заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығы адал еңбекке, таза қоғамға тікелей байланысты», — деп атап өтті.

Б.Сартбаев сонымен бірге Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен құқықтық нормаларға тоқталып, қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның даму қарқынын тежейтін қауіпті құбылыс екені айтылып, жиын барысында жемқорлықтың экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тигізер зардабына назар аударылды. Қатысушылар мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикада тұрақтылық қалыптастыру, жастардың сапалы білім мен жұмысқа қол жеткізуіне жағдай жасау бағытында көптеген жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Осындай кезеңде қоғамды кері тартып, дамуымызға кедергі келтіретін ең қауіпті фактордың бірі – сыбайлас жемқорлық екені ерекше айтылды.

Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, оның алдын алу мәдениетін қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша азаматтың азаматтық борышы екені айтылды. Әрбір азамат адал жолмен еңбек етіп, өз мақсаттарына заңды тәсілдермен жетуді үйренуі қажеттігі баса айтылды.

Жиын еркін форматтағы пікірталаспен жалғасты. Қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері, оны болдырмаудың жолдары туралы өз ойларын ортаға салды. Арнайы дайындалған ситуациялық сұрақтар мен мысалдар бойынша талқылау жүргізіліп, әр азаматтың таңдау жасайтын сәтте заңды, әділ шешім қабылдаудың маңызы түсіндірілді.

Талқылау барысында қатысушылар мынадай қорытындыларға келді:

  • пара беруге де, алуға да қатаң түрде жол бермеу қажет;
  • әрбір адам заң бұзушылықты көрген жағдайда тиісті органдарға хабарлау – азаматтық ұстаным;
  • қызметтік міндетін атқару барысында адалдық пен ашықтықты сақтау – қоғам сенімінің негізі;
  • мақсатқа жету үшін қысқа жолды емес, еңбекпен келетін әділ жолды таңдау керек.

Тұрғындар әсіресе жастар арасында адалдық, әділдік және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені болашақ ұрпақтың құқықтық сауатты болуы – жемқорлықсыз қоғам құрудың басты шарты.

Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыстарын білдіріп, сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты дөңгелек үстел – ауыл тұрғындары үшін пайдалы диалог алаңы болып, тұрғындардың құқықтық санасын арттыруға өз үлесін қосты.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *