Білім мен жасампаздықтың символына айналған Студенттер күніне орай колледжде ауқымды әрі мазмұнды мерекелік іс-шара өтті. Бұл күн – арман қуған албырт жастардың, ізденіс пен шығармашылыққа құштар буынның нағыз мерекесі. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің талантын таныту, олардың рухани-мәдени әлеуетін арттыру, білімге деген ынтасын көтеру және студенттік өмірдің маңызын насихаттау.
Мерекелік шараға келген қонақтарға колледждің түрлі бағыттағы бірлестіктері мен үйірмелері дайындаған көрмелер ұсынылып, студенттердің қолөнер, ғылыми жобалар, шығармашылық жұмыстардан тұратын еңбектері таныстырылды. Көрме қатысушыларға жастардың жан-жақты қабілеті мен белсенділігін айқын көрсетті.
Мерекелік жиынды колледж директоры Қордашбеков Бақдаулет Жақсылықұлы ашып, студенттерге жүрекжарды лебізін білдірді. Ол студенттік кезеңнің әрбір күнін бағалап, білім алуда белсенді болуға, үздік нәтижелерге жетуге, елге қызмет ететін білікті маман болуға шақырды. Директор жастардың қоғамдағы рөлі артқанын, білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағы екенін атап өтті.
Кештің арнайы қонағы – аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Досанов Азамат Әлімбайұлы студенттерді мерекемен шын жүректен құттықтап, оларды жаңа бастамаларға, белсенділікке, шығармашылыққа шақырды. Ол өз сөзінде студенттердің ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, жастар саясатының жүзеге асуына ерекше үлес қосып жүргенін атап өтті.
Сонымен қатар, салтанатты кеш барысында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмақанұлының атынан қоғамдық жұмысқа, еріктілікке, мәдени іс-шараларға үлес қосқан белсенді студенттер мен жас ұстаздарға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар олардың еңбегіне берілген лайықты баға болды.
Іс-шара бағдарламасы аясында:
Жаңа қабылданған студенттердің салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті.
Бұл – студенттік өмірдің алғашқы маңызды қадамы, үлкен жауапкершілік пен жаңа белестердің бастамасы.
Студенттік билеттер табысталды.
Әр студент үшін бұл – мәртебе, жаңа мүмкіндіктер мен жарқын кезеңнің символы.
Концерттік бағдарлама ұсынылды.
Студенттер ән айтып, би билеп, түрлі көркем номерлер көрсетіп, өздерінің өнерге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Көрермендерді тәнті еткен шығармашылық қойылымдар мерекенің ажарын одан әрі аша түсті.
Іс-шараның соңы әсерлі от шашуымен қорытындыланды.
Кешкі аспанды жарықтандырған от шашу мерекенің шарықтау шегіне айналып, студенттердің көңілін ерекше көтерді.
Колледж әкімшілігі барлық студенттерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім жолында табыс, биік арман, қажымас жігер мен жарқын болашақ тіледі. Бұл күн – колледж тарихында есте қаларлық, көңілге қуаныш сыйлаған ерекше сәттердің бірі болды.
Студенттер күні – жастық шақтың жалынмен жазылған жарқын беттерінің бірі. Бұл күн әр студенттің жүрегінде мәңгі қалады!
