Солтүстікке еңбек күшін шақыру бойынша биыл 6424 квота бөлінді. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысына – 518, Қостанайға – 550, Солтүстік Қазақстан облысына – 2556, Павлодарға – 2800 адам қоныс аудара алады. Жобаға қатысушыға және олардың отбасы мүшелеріне 214 410 теңге материалдық көмек көрсетіледі. Мұнан өзге көмек түрлері де қарастырылған. Бүгінге дейін Түркістан облысынан 344 мүшесі бар 122 отбасы көшіп үлгерді. Дегенмен көшу динамикасын бәсеңдетіп алмау керек. Бұл туралы облыстық филиал жанындағы Отбасы және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында аудан-қалаларды онлайын қатыстыра отырып, талқыға салынды.
2015-2022 жылдары Солтүстік өңірлерге 2637 отбасы, 10 117 адам көшті. Енді насихат жұмыстары жанданса, ақпараттанған халықтың ынтасы артатыны анық. Ең әуелі күнгейдегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар ақпаратқа қанық болса, осы бағдарлама арқылы тұрмыс жағдайын жақсартпақ. Өйткені 2021 жылы мал және егін шаруашылығымен айналысуға қоныс аударған азаматтарға 5-7 мың гектардан астам жер беріліп, бірқатар ауыл кооперативтері мен өз істерін ашты. Көшкен адамдардың 93 пайызы жұмыспен қамтылып, оның ішінде 1294-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 397 азамат өз кәсібін ашқан.
Бүгінде Түркістан облысының халық саны 2,2 миллионнан асты. Ал өңір бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр. Аталған жоба тиісті деңгейде іске асса, облысымыздағы жер дауы, баспана мұқтаждығы біршама шешілер еді.
2019 жылы облыстық партия филиалына қызметім ауысқан бойда сала мамандарымен бірлесіп, аудан-қала тұрғындарымен кездесулер өткіздік. Осы кезде кадрлардың осал тұстарын байқадық. Жергілікті жауапты бөлімдерін арнайы мамандандырылған, халықты ақпаратпен қамти алатын кадрлармен қамтамасыз етуі керек.
Аумақтар бөлінісінде ең көп ниет білдірген Сарыағаш, Сайрам, Мақтаарал, Келес аудандарының тұрғындары болды. Ал төмен көрсеткіш Созақ, Бәйдібек, Төлеби аудандары мен Кентау қаласына тиесілі. Енді жыл сайын осындай статистикаларға сүйене отырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүйелендірген, түрлі нұсқаларын да іздеген жөн.
Былтыр облыстық партия филиалы демеушілермен бірлесіп, игі іске мұрындық болды. Үш аудан атап айтқанда Сайрам, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарының тұрғындары Павлодар мен Солтүстік өңірінің тыныс-тіршілігімен тегін танысып қайтты. Өз көзімен көріп, қоныс аударуға ниет білдірген 301 отбасы да тиісті материалдық көмектерді алды. Жалпы көші-қонға жанашырлық жасап жүрген Жаңабай Ағабеков бірнеше жылдан бері осы істің басы-қасында болып, ұсыныстарын жеткізіп жүр. Бұл жылы да дәстүрді жалғастырып, демеушілік көрсетуге ниет білдіруде. Мұндай жанашыр азамат пен арнайы мемлекеттік жоба барда жоспарды орындайтынымызға сенім мол. Қазіргі таңда облыстық партия филиалы жанындағы жастар қанаты «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасына үгіт жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ел үшін өте тиімді мемлекеттік жобаларды бірлесіп іске асыруға және ұсыныстарды қабылдауға дайын.
Еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары бойынша ақпаратқа көз жүгірсек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде.
Еңбек ұтқырлығын арттыру жөнінде және көшуге ниетті азаматтарға ұсынылатын материалдық көмектер мен берілетін жеңілдіктер:
— әрбір отбасы мүшелеріне 214 410 теңге (70 АЕК)
— тұрғын үйді жалдау субсидиялары қалалық жерлерге 1 адамға 61 260 теңге (20 АЕК), сатып алуға 735 120 теңге; адам саны 2-4 дейін 76 575 теңге (25 АЕК), сатып алуға 918 900 теңге; адам саны 5 және одан көп 91 890 теңге (30 АЕК)) төленеді.
— ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға (1 адамға 45 945 теңге (15 АЕК), сатып алуға 551 340 теңге; адам саны 2-4 дейін 55 134 теңге (18 АЕК), сатып алуға 661 608 теңге; адам саны 5 және одан көп 64 323 теңге (21 АЕК), сатып алуға 771 876 теңге) төленеді.
— ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үй салу (100 кв.м) шығыстарын 50%- ға дейін субсидиялау.
— бау-бақша өсіруге 1 га және жеке ауласын ұстау мақсатында жайылымдық алқаптарды 5 жылдан аспайтын мерзімге уақытша өтеусіз беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.
R ақпарат