• Ср. Фев 4th, 2026
Популярные метки

СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ МАҚТААРАЛДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ІРІ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Автор:admin

Янв 5, 2026

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Әбдікәрімұлы Бектаев, Мұрат Болатұлы Қадырбек және Асқар Сатыбалдиев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді. Іссапардың негізгі мақсаты – өңірдегі ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың орындалу барысын өз көзімен көріп, жауапты сала өкілдерімен пікір алмасу, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысу болды.
Ең алдымен сенаторлар Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасына жақын орналасқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында болды. Бұл орталықта қазіргі таңда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында болашақта 10-ға жуық өндіріс орнын іске қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта бірнеше нысанның құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Сенаторлар құрылыс алаңында еңбек етіп жатқан қазақстандық және шетелдік жұмысшылармен кездесіп, олардың еңбек жағдайымен танысты. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқыны бағаланып, жобаны іске асырудағы тиімді ұсыныстар білдірілді.
Кездесу барысында депутаттар орталықтың өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Бұл жоба іске асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс көзі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, инвестициялар тартылып, шекара маңы саудасы дамиды, өңірдің экономикалық әлеуеті артады. Сенаторлар бұл жобаның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын ерекше атап, жергілікті атқарушы органдармен бірге жобаның сапалы орындалуын бақылау қажеттігін жеткізді.
Одан кейін жұмыс сапары Мақтаарал ауданының әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен жалғасты. Аудан әкімі Бақыт Асанов сенаторларды Жаңажол ауылдық округіне қарасты Ақжол елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарының барысымен таныстырды. Аудан басшысының мәліметінше, қазіргі таңда Мақтаарал ауданының барлық елді мекендері 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, тозығы жеткен ауыз су жүйелері бар 7 елді мекенде жүйелерді қайта жаңарту қажет болып отыр. Осыған байланысты Бақыт Асанов сенаторлардан келесі жылдың соңына дейін қалған елді мекендердің ауыз су жүйелерін толық жаңарту үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қолдауды сұрады. Сенаторлар бұл бастаманы қолдап, қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған жұмысқа атсалысуға дайын екенін білдірді.
Сапар соңында сенаторлар Мырзакент кентінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында депутаттар еліміздегі заңнамалық өзгерістер, мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік саясат туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, өңірдегі нақты проблемаларды тыңдап, тұрғындардың өзекті сұрақтарына нақты жауаптар берді. Ауыл шаруашылығы, жол инфрақұрылымы, су және электр жүйелері, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мәселелер кеңінен талқыланды. Сенаторлар тұрғындардың әр ұсынысы мен пікірін жазып алып, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізуге және шешімін заң аясында қарастыруға уәде берді.
Бұл кездесу халықпен тікелей диалог орнатудың, мемлекеттік қызметкерлер мен заң шығарушы билік арасындағы байланысты нығайтудың маңызды мысалы болды. Сенаторлар өз сөзінде халықтың әрбір үні ескерілетінін атап өтті, себебі қоғамдағы нақты проблемаларды тиімді шешу тек азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаумен мүмкін. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып табылады. Мұндай кездесулер тұрғындардың мемлекеттік басқаруға сенімін арттырып, шешім қабылдаудағы ашықтықты қамтамасыз етеді және жергілікті мәселелердің уақытылы шешілуіне мүмкіндік береді.
Жалпы, сенаторлардың Мақтаарал ауданындағы іссапары инфрақұрылымдық жобаларды тексеріп, әлеуметтік мәселелерді шешу, халықпен ашық форматта кездесу арқылы олардың ұсыныс-пікірін жинау, сондай-ақ мемлекеттік билік пен тұрғындар арасындағы тиімді кері байланысты нығайту мақсатында жүзеге асырылды. Бұл сапар өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *