• Пн. Дек 15th, 2025
Популярные метки

САУРАН АУДАНЫНДА ӨНДІРІС САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Автор:admin

Дек 15, 2025

Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндірістік әлеуеті жоғары аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта Сауран ауданы соңғы жылдары өндіріс саласын дамытуда алдыңғы қатардан көрініп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Биыл Сауран ауданында өндіріс саласы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Жыл басынан бері ауданда жалпы саны 124 өндірістік жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Оның ішінде 35 өндірістік нысан жыл соңына дейін толық іске қосылып, жұмысын бастап кетті. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тікелей ықпал етуде.

Қазіргі таңда өндірістік жобалардың негізгі бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде жүзеге асырылуда. Аталған елді мекендер өндіріс орындарын орналастыруға қолайлы инфрақұрылыммен, көлік жолдарымен және инженерлік желілермен қамтамасыз етілген. Бұл факторлар инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай қалыптастырып, ауылдық аумақтардың дамуына серпін беріп отыр.

Сауран ауданында ашылып жатқан өндіріс орындарының бағыттары сан түрлі. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіру саласында 36 цехтың жұмысы жолға қойылған. Бұл кәсіпорындар өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, сырттан тасымалданатын өнім көлемін азайтуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар жиһаз өндірісі бағытында 35 цех іске қосылып, отандық өнімнің үлесі артып келеді.

Азық-түлік өнімдерін өндіру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазіргі таңда бұл бағытта 25 цех жұмыс істеп тұр. Олар жергілікті нарықты сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосуда. Сонымен бірге резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдейтін 8 цех, тігін өндірісі бойынша 5 цех, электротехникалық бағытта 5 өндіріс орны ашылып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында ауылшаруашылық жабдықтарын шығаратын 8 цехтың жұмысы жолға қойылған. Бұл өндірістер агроөнеркәсіп кешенінің дамуына ықпал етіп, шаруалардың техникалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар ауданда дәрі-дәрмек өндіретін 1 өндіріс орны мен қағаз өңдейтін 1 цех іске қосылу сатысында тұр. Аталған жобалар өңірдің өндірістік құрылымын кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Өндіріс саласының дамуы Сауран ауданында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң әсерін тигізіп отыр. Жаңа кәсіпорындарда негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, жастарға туған жерінде тұрақты еңбек етуге жағдай жасалуда. Бұл көші-қон үдерісін азайтып, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізуде.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан өндірістік жобаларды іске асыруда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Жер телімдерін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мұндай қолдау шаралары инвесторлардың сенімін арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашуда.

Жалпы алғанда, Сауран ауданында өндіріс саласының қарқынды дамуы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып отыр. Алдағы уақытта іске асырылатын жаңа жобалар өңір экономикасын одан әрі нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталмақ.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *