Шымкент қаласындағы сауда орындарында — базарлар, супермаркеттер, сауда үйлері мен дүкендерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Себебі бұл нысандарда күн сайын мыңдаған тұрғындар мен қала қонақтары сауда жасайды. Халықтың жаппай шоғырланатын аумағы болғандықтан, мұндағы қауіпсіздік шаралары жүйелі және талапқа сай ұйымдастырылуы тиіс.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті сауда нысандарындағы өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу бағытында жыл сайын жоспарлы және кезектен тыс тексерулер жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңы аясында жүзеге асырылады.
ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ НЕГІЗГІ ТАЛАПТАРЫ. Сауда үйлері мен базарларда өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін келесі негізгі талаптар орындалуы тиіс:
— Өртке қарсы автоматты сигнал беру және хабарлау жүйелері орнатылуы;
— Эвакуациялық жолдар мен есіктердің ашық әрі бөгетсіз болуы;
— Өрт сөндіру құралдарының (огнетушитель) жеткілікті саны және техникалық жарамдылығы;
— Электр желілерінің стандартқа сай жүргізілуі және жүктеменің шектен тыс болмауы;
— Қызметкерлердің өрт қауіпсіздігі бойынша оқытудан өтуі және нұсқамалармен танысуы;
— Газ баллондары мен ашық отты құрылғыларды қолдануға тыйым салынуы;
— Қойма, буфет, техникалық бөлмелердің өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкестігі.
ҚАЛАДАҒЫ АУҚЫМДЫ ТЕКСЕРУЛЕР МЕН ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАР. 2025 жылдың басынан бастап Шымкент қаласында 500-ден астам сауда нысанына тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде бірқатар базарлар мен дүкендерде:
— Эвакуация жолдарының жабық болуы;
— Өрт сөндіру құралдарының болмауы;
— Қауіпсіздік белгілерінің жетіспеушілігі;
— Электр сымдарының дұрыс жүргізілмеуі секілді заңбұзушылықтар анықталды.
Осыған байланысты ТЖ департаменті ескерту хаттамаларын жолдап, тиісті нұсқамалар берді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ірі базарлар мен сауда үйлерінде өрт кезінде жаппай эвакуациялау жаттығулары ұйымдастырылды. Бұл жаттығуларға сатушылар, күзет қызметкерлері, әкімшілік және өрт сөндірушілер тартылып, әркім өз іс-әрекеттерін тәжірибе жүзінде пысықтады.
САУДА ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК. Көп жағдайда өрттің шығуына адам факторлары, атап айтқанда:
— электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау;
— темекі шегу;
— қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болады.
Сондықтан ТЖД мамандары сауда нысандарының иелеріне және жалға алушыларға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органның емес, әрбір кәсіпкердің жауапкершілігі екенін үнемі еске салады.
Өкінішке қарай, кей жағдайларда қауіпсіздік шаралары тексеру уақытымен шектеліп, күнделікті қызмет барысында назардан тыс қалады. Бұл болашақта қайғылы оқиғаларға әкеп соғуы мүмкін.
Шымкент қаласындағы сауда орындарында өрт қауіпсіздігі жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алайда толық қауіпсіздік тек мемлекеттік құрылымдардың емес, кәсіпкерлер мен тұтынушылардың ортақ жауапкершілігіне байланысты.
Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен кәсіп иелерін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өрттің алдын алуға белсенді түрде қатысуға шақырады. Тек осылай ғана адам өмірі мен мүлкін сақтау мүмкін болады.
