• Чт. Дек 18th, 2025
Популярные метки

САРЫАҒАШТА МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН ШАЛҒАЙ АУЫЛДАР ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУҒА ҚОСЫЛДЫ

Автор:admin

Дек 15, 2025

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы үшін маңызды әлеуметтік оқиға орын алды. Ауданға қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтеріндегі бірқатар елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл – шалғайдағы ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы жүзеге асып, олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жоба.

Аталған нысанның іске қосылуына арналған салтанатты шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жиында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар өз алғыстарын білдіріп, мемлекет пен аудан басшылығының ел игілігі жолында атқарған еңбегін жоғары бағалады.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев өз сөзінде шалғайдағы елді мекендердің таза ауыз сумен қамтылуы – мемлекетіміздің халыққа көрсетіп отырған нақты қолдауының көрінісі екенін атап өтті. Ол: «Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік», – деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округіндегі Тасқұдық, Жылға ауылдық округіндегі Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округіндегі Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстары «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жүзеге асырылды. Жоба аясында әрбір елді мекенде қажетті су қондырғылары мен резервуарлар орнатылып, жүйе толық іске қосылды.

Аталған жобаның іске асуы нәтижесінде ауыл тұрғындары тұрақты және сапалы ауыз сумен қамтылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарды. Бұрын бұл елді мекендерде ауыз суды тасымалдау немесе жеке құдықтар арқылы алу мәселесі тұрса, енді орталықтандырылған жүйе арқылы қауіпсіз әрі тұрақты суға қол жеткізу мүмкіндігі туды. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығына оң әсерін тигізіп, санитарлық-гигиеналық жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді.

Сарыағаш ауданында бүгінде бір қала мен 13 ауылдық округ бар, жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде орталықтандырылған су жүйесіне қосылған елді мекендердің үлесі айтарлықтай өсті. Бұған дейін 79,3 пайызды құраған көрсеткіш биыл бірнеше жаңа елді мекен қосылуы нәтижесінде 85,7 пайызға жеткен болатын.

Жаңа қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендері арқылы тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал ауыз сумен қамту деңгейі 93,7 пайызға дейін артты. Бұл көрсеткіш – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын айқындайды. Аудан тұрғындары үшін таза ауыз суға қол жеткізу – тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, сонымен бірге елге деген сенім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Орталықтандырылған ауыз су жүйесінің іске қосылуы ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерліктің дамуына да септігін тигізеді. Таза суға қолжетімділік өндірістік және тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама ауыл халқының ұйымшылдығын, жауапкершілігін арттырып, ортақ мақсатқа жұмылуын қамтамасыз етеді.

Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтеріндегі орталықтандырылған ауыз су жүйесінің іске қосылуы – Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Мемлекетке қайтарылған активтерді тиімді пайдалану арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, олардың денсаулығын қорғау, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайту жүзеге асырылып отыр. Алдағы уақытта да өңірде осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғасын тауып, халық игілігіне қызмет етуі сөзсіз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *