• Вт. Дек 16th, 2025
Популярные метки

САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2025» МЕРЕКЕСІ САЛТАНАТТЫ ӨТТІ

Автор:admin

Дек 15, 2025

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай «Алтын күз-2025» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Бұл шара ауданның агроөнеркәсіп саласының дамуы мен жергілікті шаруалардың еңбегін насихаттау, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, сала мамандары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты. Шара барысында күзгі жиын-терім науқанының қорытынды көрсеткіштері жарияланып, үздік жетістіктері бар шаруашылықтар мен мамандар марапатталды.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев құттықтау сөзінде ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы рөлін атап өтті. Ол: «Құрметті ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, құрметті қонақтар, ауыл ардагерлері! Сіздерді бүгінгі «Алтын күз-2025» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сарыағаш – ауыл шаруашылығы дамып келе жатқан аграрлы аудан. Ауданымыз аграрлы болғандықтан экономикамыздың қозғаушы күші мен табыс көзі де ауыл шаруашылығы саласы. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жоғары болуы сіздердің еңбектеріңізбен тікелей байланысты. Ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі кез-келген жетістік – шаруалардың адал еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың арқасы», – деді.

Мереке барысында үздік шаруашылықтар, үздік ауылдық округ әкімдері және салада еңбегімен көзге түскен мамандар арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Аудандық мәслихат депутаттары мен облыстық мәслихат өкілдері де құттықтау сөз айтып, бірқатар азаматтарға алғыс хаттар мен мерекелік төсбелгілер табыстады. Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков сала қызметкерлеріне «Ауыл» партиясының арнайы мерекелік төсбелгісін табыс етті.

Салтанатты жиыннан кейін аудандық мәдениет үйінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Концерт барысында жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ауыл тұрғындары мен қонақтар өнерге тамсанып, мерекелік шараның маңызды екенін атап өтті.

Мерекелік іс-шара алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп, адал еңбек еткен жергілікті диқан қауымы өз өнімдерін таныстырып, сатып алушыларға ұсынды. Жәрмеңке аясында ауыл шаруашылығы саласында жүрген кәсіпкерлердің өнімдері мен жергілікті өндіріс өкілдерінің азық-түлік өнімдері көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл іс-шара тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға да үлес қосады.

Мерекеде ауыл шаруашылығы саласының маңызды мәселелері де қозғалды. Аудан басшылығы диқан қауымының проблемалары мен ұсыныстарын тыңдап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға бағыт-бағдар берді. Сонымен қатар, жаңартылған техникалық құралдар мен заманауи технологияларды енгізу арқылы өндірістік тиімділікті арттыру, өнім сапасын жоғарылату мәселелері талқыланды.

Сарыағаш ауданының ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму жолында. Соңғы жылдары аудан көлемінде егіншілікті, мал шаруашылығын, бау-бақша және жеміс-көкөніс өндірісін дамытуға бағытталған жобалар іске асырылып келеді. Аудан әкімдігі мен мемлекеттік органдардың қолдауымен шаруаларға қажетті техникалар, тыңайтқыштар және тың технологиялар беріліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылуда.

«Алтын күз-2025» мерекесінің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы еңбекті дәріптеу, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала қызметкерлерінің жетістіктерін көрсету, жастар мен қоғамға адал еңбек пен жауапкершілік құндылықтарын насихаттау. Мереке аясында алдағы жылға арналған жоспарлар мен жобалар талқыланып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына бағытталған ұсыныстар ортаға салынды.

Қорытындылай келе, «Алтын күз-2025» мерекесі Сарыағаш ауданының ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін насихаттауға, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және жергілікті экономикаға қосылған үлесті көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік іс-шара болып табылады. Мерекелік шара ауылдың қоғамдық өмірін жандандырып, бірлікті нығайтуға, жастар мен тұрғындарды дұрыс еңбек етуге ынталандыруға үлес қосады. Ауыл шаруашылығы саласының дамуы, өнімділіктің өсуі, тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсаруы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *