Созақ ауданында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани тәрбие жүйесін күшейту және жас буынның мәдени санасын қалыптастыру мәселелеріне арналған мазмұнды кездесу өтті. Жиын аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, ұстаздар, ауыл ақсақалдары, психологтар және аудан жастары қатысты.
Кездесудің басты қонағы – «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, ҚР Журналистер одағының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы болды. Рухани тәрбие, ұлттық құндылықтар және қазіргі қоғамдағы мәдени өзгерістер жөніндегі терең ойларымен бөліскен спикер қатысушыларға тағылымды дәріс оқыды. Шараны аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы ашып, жүргізді.
Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде қазақ халқының рухани мұрасының ұлт болашағындағы маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өнер мен мәдениет – адамның жан дүниесін тәрбиелейтін, қоғамның адамгершілік келбетін қалыптастыратын қуатты күш. Қазақтың дәстүрлі өнері, фольклоры, салт-дәстүрі мен әдебиеті – тәрбиенің сарқылмас қазынасы. «Ұлттың бойындағы ізгілік, мейірім, қайсарлық секілді қасиеттер оның рухани мәдениетінде түйінделеді. Сондықтан әр отбасы өз шаңырағында осы рухани тәлімді сақтап, ұрпаққа аманаттауы тиіс», – деді қоғам қайраткері.
Баяндамашы қазіргі ақпараттық кеңістіктің жастар санасына әсеріне де тоқталды. Әлеуметтік желілер мен интернеттің шексіз мүмкіндігімен қатар, жастар психологиясына кері ықпал ететін қауіптері бар екенін атап өтті. Сол себепті жас буынның ақпаратты дұрыс талдауы, шынайылық пен манипуляцияны ажырата білуі – отбасы, мектеп және қоғамның ортақ жұмысы екенін айтты.
Жиынға қатысқан ауыл ақсақалдары мен аналар алқасының өкілдері ұлттық тәрбие, ұрпақтар сабақтастығы, әдеп пен адамгершілік қағидаларын нығайту мәселелері жөнінде пікір қосты. Олар бүгінгі жаһандану дәуірінде қазақы тәрбиенің маңызын жоғалтпау қажеттігін, әр баланың бойына ұлттық мінез бен мейірімділік дәнін себудің маңыздылығын алға тартты.
Сонымен қатар, басқосуда ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының жұмысы, мәдениет үйлері мен кітапханалардың әлеуетін арттыру бағыттары талқыланды. Сәуле Мешітбайқызы мәдени орталықтардың жастарды қоғамға бейімдеуде, олардың шығармашылық қабілетін ашуда ерекше рөл атқаратынын айтты. «Өнер – баланың жүрегін тәрбиелейді. Мәдени орта – оның ойы мен мінезін қалыптастырады. Сондықтан ауылдардағы өнер мектептері мен үйірмелердің жұмысы жандана түсуі қажет», – деді ол.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі – жасөспірімдер тәрбиесіндегі психологтардың рөлі туралы пікірлер болды. Бұл бағытта «Шұғылалы таң» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Дана Орманова сөз алып, білім мекемелеріндегі психолог мамандарының жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бала мінезінің қалыптасуы, оның қиындықтарды еңсеруі, эмоционалды тұрақтылығы – мектеп психологтарының кәсіби жұмысымен тығыз байланысты. Өнер сабақтары мен шығармашылық үйірмелер оқушылардың ішкі әлеуетін ашуға, өзіндік ойлауын дамытуға үлкен ықпал ететіні де айтылды.
Кездесу қорытындысында қатысушылар көтерілген мәселелердің өзектілігін атап, жастардың рухани иммунитетін күшейту жолында мәдениет саласының маңызы зор екенін жеткізді. Барлығы да ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтау бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Себебі руханияты мықты елдің іргесі бекем, болашағы жарқын болмақ.
Шара Созақ ауданындағы мәдени және рухани жұмыстардың жаңа серпін алғанын көрсетті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы мұндай кездесулер қоғамның рухани жаңғыруына үлес қосып, жас буынның саналы азамат болып қалыптасуына үлкен ықпал ететіні сөзсіз.
