Қазақ пен Өзбек айнымас ағайын, мәңгілік одақтас, бірлігі мығым бауырлас. Екі елдің достығы, стратегиялық серіктестігі бүгін Бұхара белесінде тарихқа таңбаланды. Мұнда мемлекет басшылары халқы үшін дұға жасады.
Бейресми кездесуге Көне Шығыстың жауһары болған киелі шаһардың таңдалуы тереңде жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бұл жүздесуі жай ғана дипломатиялық сапар емес. Тамыры терең, тағдыры бір екі халықтың ұлы достығының тың символы деуге болады.
Бұхара аспанынан Қазақ мемлекетінің Президенті мінген ұшақ келіп қонған сәттен бастап, әуежай айлағында ерекше бір мерекелік рух сезілді. Ұшақ баспалдағынан түскен Қасым-Жомарт Тоқаевты Шавкат Мирзиёев құшақ жая қарсы алды. Бұл тек екі ел басшысының емес, екі алып мемлекеттің тағдырлас халықтарының қауышуындай әсер қалдырды.
Президенттердің қол алысуы, бір-біріне деген жылы жымиыстары, ілтипаттары мен көзқарастары ерекше. Ресми шеңберден әлдеқайда жоғары дипломатиялық этикеттен биік тұратын, өзара сенім мен шынайы достыққа негізделгенінің айқын дәлелі болды. Шавкат Мирзиёевтің Қасым-Жомарт Тоқаевты Бұхараның киелі жерлеріне бастап апаруын тек жөн көрсету емес, ең жақын адамына төрін ұсынып, ақ пейілін білдіруінің белгісі деуге болады.
Сапардың әуелгі қадамы Бахауддин Нақышбанди кесенесіне зиярат етуден басталды. Екі елдің ең басты лидерлері бауырлас халықтардың тыныштығы мен берекесі үшін бірге дұға жасады. Бұл біздің рухани бірлігіміздің айқын көрінісі. Кезінде Мәшһүр Жүсіп бастаған қазақ зиялылары білім нәрімен сусындаған киелі мекенде Түркістанға тиесілі жәдігерлер тарту етілді.
Осы орайда Шавкат Мирзиёевтің Қожа Ахмет Ясауи мен Рәбия Сұлтан бегім кесенелеріне қатысты құнды архивтік құжаттарды Қасым-Жомарт Кемелұлына табыстауы тарихымызды түгендеген нағыз бауырластықтың сыйы болды. Көршінің ақысы- Тәңір хақысы» деген қағиданы ұстанған бауырлас елдің шынайы тартуы, тарихымызды түгендеуге қосқан өлшеусіз үлес.
Бүгінгі кездесу тек тарихты еске алумен шектелген жоқ. Президенттер екі елдің болашағын айқындайтын маңызды мәселелерді талқылады.
Экологиялық жауапкершілік аясында пікір алмасты. «Таза ауа» бастамасын бірлесіп іске асыру арқылы Алматы мен Ташкенттің тынысын ашатын батыл байлам жасады.
«Біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік я болмаса кедергі жоқ», деген Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Сіздің таза ауаға қатысты бастамаңызды құптаймын. Ташкенттегі экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіруіңізді түсінемін. Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі. Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер Сіз қарсы болмасаңыз, «Таза ауа» бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз. Президенттер ұйытқы болған бұл жобаны үкіметтеріміз жүзеге асырады. Жұртшылық пен халықаралық қоғамдастық мұны қуаттайды деп санаймын. Шын мәнінде, бұл бастама аясында көп іс атқаруға болады. Осы арқылы жергілікті билік пен кәсіпкерлер экологияны қорғауда, табиғатты аялауда жауапкершілік жүгін жете сезінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жасанды интеллект хакатонына бару арқылы қос мемлекеттің де «болашақ экономикасына» дайын екенін көрсетті. Сауда-экономикалық бағытта мызғымас одақтастыққа бетбұрыс жасалды. Енді ынтымақтастықтың жаңа «Жол картасы» екі елдің де өңірлік көшбасшылығын бекемдей түспек.
Шавкат Мирзиёев Қазақстанның экономикалық жетістіктерін, әсіресе ІЖӨ-нің 300 миллиард доллардан асқанын ерекше атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жоғары бағалады. Бұл көршінің табысына шын ниетпен қуана білетін шынайы достықтың белгісі:
Өзбекстан Президенті Бұхарадағы бүгінгі жүздесудің екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды кеңейтуде маңызы зор деп пайымдайды
– Сіздің бұл сапарыңыз ғасырлардан тамыр тартатын қос халық арасындағы достықты, тығыз бауырластықты көрсетеді, сондай-ақ стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастың ұдайы нығайып келе жатқанына дәлел. Ашық әрі риясыз келіссөздер ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, өңірдегі өзара ықпалдастық аясын одан әрі кеңейтуге негіз болатынына сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.
Ол өзбек халқының ең жақын көрші және одақтас ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы тиімді реформаларына шынайы қолдау білдіретінін жеткізді.
-Еліңіздің жаһандық кеңістіктегі абыройы артып келеді. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының мүддесіне негізделген көпвекторлы сыртқы саясат табысты жүзеге асырылып жатыр. Сіз көтерген халықаралық бастамалар кеңінен қолдау тауып отыр. Бұл Сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді. National Interest басылымына жарияланған мақалаңызды ерекше ықыласпен оқыдым. Қазіргі халықаралық ахуалда прагматизмнің, ашықтықтың және шынайылықтың рөлі артты деген ойыңызбен толық келісемін. Экономикалық жаңғыру мәселесіне терең үңілетініңізді атап өткім келеді. Инвестиция мен орнықты даму реформаларын ұштастыруды жекелеген бастама ретінде қарастырмай, тұтас стратегияға айналдырдыңыз. Мұны ерекше бағалаймын. Біз Сіздің бауырлас халықтар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға қосқан үлесіңізді айрықша қадірлейміз, – деді Өзбекстан Президенті.
Бұл сөздер-бүгінгі алмағайып геосаяси жағдайда Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі. Бұхарадағы осы жылы жүздесу қазақ пен өзбектің бірге ілгері басып, әлемдік аренада иық тіресе тұратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен киелі Бұхарадағы бұл жылы жүздесу ресми хаттамадан гөрі жүрек қалауымен өріліп, қазақ-өзбек қатынастарының мүлде жаңа, сенімге тағы да серпін берер серіктестікке толы парағын жазды.
Алия Ортаева-журналист.
