Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады:
2024 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялап, ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындады. Президент қоғамдағы әділдік принципін бекітуге, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға баса назар аударды. Сондай-ақ 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамын құрметтеу, кәсіби біліктілікті арттыру және еңбек нарығын жаңа деңгейге көтеру міндетін қойды. Бұл шешім жас ұрпақтың болашағын айқындап, қоғамдағы жұмысшы мамандығының беделін арттыруға бағытталған.
Президент Жолдауында айтылған бастамалар Шымкент қаласында жүйелі түрде іске асып келеді. Бүгінде қалада әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, тұрғын үймен қамту және жұмыспен қамту бағыттарында кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Жолдауда көрсетілгендей, экономикалық өсімге қол жеткізу үшін шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартысында 3 500-ден астам кәсіпкерге қаржылай және консалтингтік қолдау көрсетілді.
Заң үстемдігін нығайту мақсатында қалада құқық қорғау саласындағы реформалар жалғасуда. Халықпен кері байланысты арттыру үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында электронды өтініштерді қабылдау, қоғамдық қабылдаулар мен онлайн-диалог алаңдары іске қосылды. Бұл азаматтардың мәселелерін жедел әрі ашық шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Президент белгілеген тағы бір маңызды басымдық – адами капиталды дамыту. Бұл ретте Шымкент қаласында білім беру саласы ерекше қарқынмен дамуда. Жаңа мектептер, балабақшалар салынып, ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Сонымен қатар жастарға техникалық және кәсіптік білім беру кеңейтіліп, жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артуда. Бұл – экономиканы нақты секторда қолдайтын, тәжірибеге бағытталған кадрлар дайындаудың нақты нәтижесі.
Жолдауда ерекше аталып өткен бір бағыт – мемлекеттік басқаруды тиімді ету және қоғаммен тығыз байланыс орнату. Осы мақсатта қала әкімдігі тұрғындармен тікелей жұмыс істеуді жолға қойып, «Ашық әкімдік» форматында қызмет көрсетуді тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы реформалық бастамалары Шымкент қаласының барлық даму бағыттарына нақты бағдар беріп отыр. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, еліміздің тұрақты дамуына негіз болатын басты құндылықтардың бірі.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/ENdIEuXzCf4?si=HK7WfYl07_7aLM_o