• Вт. Дек 23rd, 2025
Популярные метки

ОТЫРАР ӨНЕРПАЗДАРЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНДЕ ОЗДЫ

Автор:admin

Ноя 12, 2025

Түркістан қаласының ерекше мәртебе алуына және облыс орталығы атануының жеті жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл ерекше сән-салтанатымен өтті. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған талантты ұжымдар арасынан Отырар ауданы ерекше өнерімен дараланып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл — отырарлық өнерпаздардың таланты мен кәсіби деңгейінің тағы бір айқын дәлелі.

Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, өнер фестивалінің өңір мәдениетін дамытудағы маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде Түркістанның арнайы мәртебесі өңірдің мәдени, рухани бағыттағы жауапкершілігін күшейткенін, ал бұл жолда шығармашылық ұжымдардың еңбегі ерекше екенін атап өтті.

Фестиваль алаңында аудан-қалалардың өнер ұжымдары ұлттық дәстүр мен заман үні үндескен керемет қойылымдар көрсетті. Солардың ішінде Отырар ауданының өнерпаздары өздерінің сахналық мәдениетімен, орындаушылық шеберлігімен көпшіліктің ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Отырарлықтар ұсынған композициялар ұлттық құндылықтарды жаңаша форматта жеткізіп, фестивальдің көркемдік деңгейін көтере түсті.

«Өнерлі өлке» фестивалінің мақсаты — өңірдегі өнерді дамыту, халық шығармашылығына тың тыныс беру, жастардың бойына ұлттық рухты сіңіру және Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін арттыру. Отырар ауданы осы бағытта әрдайым белсенділігімен танылып келеді. Аудандық мәдениет саласында шығармашылық ұжымдарды қолдау, жас өнерпаздарды тәрбиелеу және мәдени шараларды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Фестивальде бас жүлдені Бәйдібек ауданы иеленсе, Отырар ауданы жүлделі І орынды еншіледі. Өнерпаздарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Бұл марапат — Отырар ауданы өнерінің жоғары деңгейін айқындайтын үлкен жетістік.

Сонымен қатар шара барысында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» облыстық байқауының да жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқаудың мақсаты – ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмыс сапасын арттыру, халық шығармашылығын қолдау және үздік тәжірибелерді насихаттау. Отырар ауданы Темір ауылдық мәдениет үйінің І орын иеленуі – ауданның мәдени белсенділігінің тағы бір көрінісі.

Өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту ісі де қарқын алып келеді. Биыл 4 жаңа мәдениет үйі пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 2 нысан халық игілігіне тапсырылмақ. Бұл мәдениет саласындағы қызмет сапасын арттыруға және шығармашылық ұжымдардың мүмкіндігін кеңейтуге жол ашатыны анық.

Отырар топырағынан түлеп ұшқан өнер иелері облыстық деңгейде өңір намысын абыроймен қорғап, ауданның мәдени брендіне айналып келеді. Бұл жетістіктер — аудан өнерінің жаңа белесі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *