Маяқұм ауылы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторының бастамасымен Отырар ауданы әкімдігінің аппараты мәжіліс залында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексін сақтау, сондай-ақ қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кеңейтілген дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға ауданға қарасты мекеме басшылары, құрылымдық бөлімше жетекшілері, мекеме меңгерушілері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуындағы зияны, оның экономикалық және әлеуметтік салдары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Инспектор өз сөзінде әрбір мемлекеттік қызметкердің басты міндеті — халыққа ашық, әділ және адал қызмет көрсету екенін, қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдалануға жол берілмейтінін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, қызметкерлер арасында әдеп нормаларын қатаң сақтау, жұмыс барысында этикалық талаптарды орындау, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен жоғары мәдениетті ұстану қажеттігі түсіндірілді. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтық пен айқындық талаптары, жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жолдары талқыланып, нақты мысалдар келтірілді.
Жиын барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасындағы жауапкершілік түрлері, шектеулер мен тыйымдар жөнінде кеңінен түсіндірме берілді. Мемлекеттік органдарда ішкі бақылау тетіктерін нығайту, қызметтік тәртіпті күшейту және алдын алу шараларын тұрақты өткізу қажеттігі сөз болды.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары, қызметтік және қызметтен тыс уақытта әдептілік таныту, жұмыс барысында мемлекеттік қызметтің беделін қорғау, халықпен тиімді әрі мәдениетті қарым-қатынас жасау қағидалары ерекше назарға алынды. Бұл талаптар қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға тікелей ықпал ететіні айтылды.
Шара соңында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық буклеттер мен үнпарақтар таратылды. Үнпарақтарда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктері, құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары және азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде түсінікті мәліметтер берілген.
Өткізілген дөңгелек үстел — Отырар ауданында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға, әдеп кодексін сақтау деңгейін күшейтуге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Алдағы уақытта да аудан көлемінде осындай тәрбиелік және ақпараттық іс-шаралар жалғасын табатын болады.
