• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие

Автор:admin

Сен 19, 2022
Spread the love

Отбасы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Алғаш дүние есігін ашқанымызда қым-қиғаш өмірдің салқынын сездірмей, аялы алақан мен мейірімді жүректің шуағына бөлейтін де осы жер. Осында қабырғамыз қатайып, буынымыз бекиді. Ата-анамыздың қамқорлығы мен тәрбиесінің арқасында өмірдің қатал заңына қарсы тұрудың да қыр-сырын меңгереміз. Әйтеуір, отбасының тыныштығы мен жарасымы алдағы өміріміздің көрсеткіші іспеттес. Отбасы балғын балалық шағымызда еркелігімізді көтеріп, барша қауіп пен қатерден қорғайтын, оның үстіне бар жағдайымызды жасайтын асыраушымыз болса, ержеткенде қуанғанда бөлісіп, қиналғанда дем беретін, адал ақылшымыз әрі жақын досымызға айналады. Ал қартайғанда еткен еңбегіміз бен төккен теріміздің қайтарымы ретінде қамқоршымыз болмақ. Демек, адамның жер басып өмір сүруі, қоғаммен араласуы, еңбек етуі, нығметке бөленуі тікелей отбасымен байланысты. Өйткені біздің қандай адам болмағымыз, яки қандай жағымды не жағымсыз мінездерге ие болуымыз немесе өмірдің қатал сынында сыр бермей, сыбағамызды ала алуымыздың да түпкі мәні отбасыға келіп тіреледі. Осылайша «Барлығымыздың көкейімізде қат-қабат мән арқалаған осы бірауыз сөздің астарында не жатыр? Онымен біздің байланысымыз қандай? Отбасының негізгі ерекшелігі қайсы?»  деген сансыз сұрақ туындайды. Себебі ол – біздің өткеніміз, бүгініміз әрі болашағымыз. Жанұяда, әсіресе ата-ананың, туған-туыстың айтқан сөздері, қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстар, саяси-әлеуметтік өмірде өзгерістер жөнінде оларға айтқан пікірлерді, қабылданып жатқан шешімдерге берген бағаларды т.с.с. жас бала арнайы тыңдап, мән бергенімен, ойын арасында естігенін біртіндеп белгілі бір ой қалыптастырып, тұжырымдар жасайды. Жанұяда негізі қаланған тәрбие өсе келе өмірлік нысанаға айналуы мүмкін. Халық жанұядағы тәрбиеге ерекшк көңіл бөлген. Оны «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын», «Баланы өсіру – балапан ұшыру емес» деген мақал-мәтелдерден көруге болады. Ал «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ұлың өссе— ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе — қызы жақсымен ауылдас бол», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» — мақалдары халықтың бала тәрбиесіне, оның қалай өсіп-өнуіне, болашағына үлкен көңіл бөлгендігі байқалады. Яғни бала ата-анаға, өскен ортаға қарап өседі, үлкендердің үлгі-өнегесіне қарап тәлім алады.Сондықтан отбасының мәнін түсініп, тереңіне бойлау баршамыздың азаматтық парызымыз болмақ.

 

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика