Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс. Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» деп көрсеткен болатын.
Бауырында балалары қалған жалғызбасты әйел мен соқа басы сопайған ер-азаматтың артуы қоғамның алаңдауына негіз болатын-ақ себеп.
Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған кезде судьяның алдында тұрған міндет ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше татуластыруға, бір сөзбен айтқанда заңды некені сақтап қалуға негізделеді. Ерлі-зайыптыларға ашу-үстінде асығыс шешім қабылдамасы үшін заң аясында ойлануға мерзім беріледі. Райынан қайтпауға бел буып келген кейбір жандарға судьяның шеберлігі мен парасаттылығының арқасында бейбіт шешімге келіп, табысып кеткендері де жоқ емес. Статистикалық мәліметке сәйкес, ағымдағы жылдың 9 айында неке бұзу туралы 92 талап арыз қаралса, соның 60-ы қанағаттандырылған, ал 22-і ерлі-зайыптылардың татуласуларына байланысты өндірістен тоқтатылған.
Бұрын қазақта ажырасамыз деушілерді ел-жұрт болып бұл мәселені салмақтап, кем-кетікті түзеп отырған. Тәжірибесі аз жастарға ақыл қосып, жас шаңырақты сақтап қалған.
Әдетте әрбір жаңа нәрсе естен шыққан ескінің қайта жаңғыруы деп жатады ғой. Сол тұрғыдан алып қарайтын болсақ, қазіргі қолданыстағы медиация заңы сол ұлы дәстүрдің жалғасы деуге болады. Себебі, медиаторлар баяғы билер іспетті, ажырасамыз деген жұбайларға ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, ата-бабаларымыздан қалған өсиет сөздерді жастардың
санасына сіңіріп, бұзылған отаудың келешегі, ондағы баланың болашағы туралы ой салып, шаңырақты сақтап қалуларына жол сілтеп, неке-отбасылық қарым-қатынастардан туындайтын дауларды шешуде соттарға үлкен көмегін тигізуде.
Мысалыға айтар болсақ, елді-мекенінде тұратын бір ерлі-зайыптылар, дәм-тұздары жараспай жеті жылдан бері бір-бірінен бөлек тұрып келген екен. Жуырда заңды некеден ажыраспақшы болып, соттағы құқықтық қызмет көрсету бұрышына жүгінген ерлі-зайыптыға кәсіпқой медиатормен дауды медиация тәртібімен реттеу ұсынылып, татуластыру шаралары жүргізілген. Алғашында олар некені сақтап қалуға мойын бұрмағандарымен, олардың араларындағы баланың келешек өмірі, толыққанды отбасынан тәлім-тәрбие алмаған баланың болашағы туралы медиатормен сөз қозғалғаннан кейін олар райларынан қайтып, араларындағы түсініспеушіліктерді ұмытып қайта табысқан.
R-ақпарат