«Ұрпақтар және гендер» зерттеуінің 2019 жылғы деректеріне сәйкес, 18-29 жастағы адамдардың жартысынан азында (42,4%) серігі бар, бұл жалпы халыққа қарағанда төмен. Сонымен қатар, елордалық өңірлерде (Нұр-Сұлтан және Алматы) серіксіз жастардың үлесі айтарлықтай жоғары, бұл елордалық және алматылық жастардың үйлі болуды кейінге қалдыра отырып, білім алуға және мансап қууға көбірек көңіл бөлетініне байланысты болса керек.
Қазақстанда отбасылардың ажырасу фактілерінің себебі бірнеше. Осы салада жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарын шолу арқылы отбасының бұзылуына жеткізетін бірнеше ішкі және сыртқы себептерге тоқтала кетуді жөн көрдік.
Бірінші себеп – ата-ана, жақын айналаның отбасы ісіне араласуы немесе сыртқы пікірлердің отбасындағы эмоционалдық көңіл-күйге кері әсері. Бұл әсіресе жас отбасылардың некеге тұрғаннан кейін көп уақыт өтпей ажырасуларына ықпал ететін фактор. Қазақта бұған қарсы «Ерлі зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген тәмсіл бар.
Екінші себеп – әлеуметтік жағдайдың ықпалы, яғни баспананың қолжетімсіздігі, жалақының аздығы, тұрақты жұмыстың болмауы сияқты жағдайлар. Тапқан қаражаты баспанадан, азық-түлік пен киім-кешек алу сияқты тұрмыстық қажеттіліктен аспайтын отбасылар өмірді одан әрі бірге жалғастырудың мотивациясын жоғалтып жатады.
Үшінші себеп – сезімге адалдықтың, құрметтің болмауы. Жастық жалынмен үйленіп, кейіннен жауапсыздықпен жұбайының көзіне шөп салатын жағдайлар да отбасының шырқын бұзатын факторлардың ең бастыларына жатады.
Төртінші себеп – денсаулық мәселесіне қатысты. Көп отбасы шаңырақ құрғаннан кейін баланың өмірге келуіне асығады. Алайда денсаулық жағдайына байланысты (белсіздік) бала көтере алмау проблемасы көп отбасының ажырасуына себеп болуда. Қазіргі таңда жастар арасында белсіздік проблемасы кең етек жайып келеді. Бұл да ұлттың деңгейдегі дабыл қағатын мәселе. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. БҰҰ еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген болатын.
Сандарға сүйенсек, елдегі әрбір 100 отбасының 20-сы перзентке зар. Жылына мыңдаған отбасының ошағы осы себепті сөніп жатады. Ал дәрігерлер дерттің тең жартысы еркектерден деп дабыл қағады.
R-ақпарат