Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы аудан бойынша некеге тіркелгендер саны 500 ге жетсе, сол некені заң жүзінде бұзғандар саны 160 тан асып кеткен. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылдармен салыстырғанда ажырасу жағынан әлдеқайда жоғары. Айталық, некеге тіркелгендер алдыңғы көрсеткіш бойынша 650 ге жуықтаса, ал, ажырасу көрсеткіші 110 нан асқан. Демек, өткен жылмен салыстырғанда аудан бойынша ажырасу көрсеткіші жоғарылаған. Яғни, бізде де ажырасу дерті әзірге асқынып тұр. Жалпы, отбасы шырқының бұзылуына көбінесе тұрмыс жағдайының сын көтермейтіндігі немесе екі тараптың бірінің ішкілікке салынып, өзара кикілжіңге ұласуы себеп болып жататын көрінеді. «Сананы тұрмыс билейді» демекші, әдепкіде болашақ жарының байлығына басы айналған кейбір бойжеткендеріміз уақыт өте келе тұрмыс ауыртпашылығына төтеп бере алмай жатады. Осы сынды олқылықтар өзге өңірлерді айтпағанда, аймағымыздың өзінде аз болмай тұрған тәрізді. Жанұя – қоғамның ең маңызды тобы, бірлестігі. Жас баланы жанұяда тәрбиелеуде халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақтаған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиелердің, төлтума халық педагогикасының маңызы зор. Оның өзекті арқауына ұлттық сана-сезім, қадір-қасиет, ар-ождан, ұлтжандылық, отансүйгіштік, ізгілік, ізеттілік, парасаттылық, тектілік, қайырымдылық және т.б. жататыны, олардың өмірдегі мән-маңызы сараланады. Жанұяда жас баланы ерлікке, жігерлікке, батырлық пен батылдыққа, сөз бен істің бірлігі сияқты қасиеттерге тәрбиелеудің орны ерекше. Иә, кей отбасылар арасында осындай жайсыз жәйттер орын алмауы үшін жастар жағы шаңырақ көтермес бұрын бүгіні мен болашағына ойлана қарап, тұрмыста кездесетін түрлі келеңсіздіктерге мойымауға дайын болғаны абзал. Адал жар, ақ жаулықты ана болудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ескерсек, жаңадан көтерген шаңырақты сақтап қалу екінің бірінің қолынан келе қоймасы белгілі. Сол үшін отбасындағы татулықтың дәнекері болатын кішкентай сәбилердің де болашақ тағдырына немқұрайлы қарамау қажет. Қалай десек те, қисыны келіспейтін қамшының сабындай қысқа ғұмырда отбасындағы құндылықтардың қадірін жете түсініп, жақсы бағалай білетін жастардың көбейе бергенін қалаймыз. Бұл ойымыздан нәтиже шығарып, шаңырақ шаттығын сақтай білетін жас отбасылар қатары көбейе түссе нұр үстіне нұр болар еді.
R-ақпарат