Ата — анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың, сен ата — анаңды сыйлайсың, сенің балаларың да сен қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып қағатын болады. Ата — ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата — ананың қадірі ерекше әспеттелген. Жас жұбайлар отбасылық сынақтардың кейбіріне төтеп бере алмай, бала болашағынан бұрын жеке бас тыныштығын бірінші кезекке қойып жатады. Осыдан келіп тастанды бала мен әкесі тірі жетімдер қатары артады. Негізі бала үшін әкенің орны бөлек. Әке деген сөзді айтқанда өзіне пана болар, қиындыққа қалдырмас, арманына қол созғанда ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамның болғанын бала жүрегі аңсайды. Әке — әркімнің сүйенер тіреуі.
Ол өзінің болашағы балалары үшін алаңдап ойланып, жауапкершілік жүгін арқалайтын тұлға. Алла елшісі с.ғ.с ер адамды өз отбасының жауапкері ретінде, әрі сол үшін сұралатындығын ескерткен. Халқымызда әкені асқар тауға теңеп, темірқазығы мықты тұлғаны елестеткен. Ендеше, әрбір әке отбасына қорған болар тау тұлғалы кемеңгер болып ұрпағына пана болуды мақсат еткенде отбасы жарасым табады. Сонымен қатар, әр адам көзін ашып дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — анамыз. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – ана. Ана – бұл жел жағымызға пана, біріміз үшін дара, дана тұлға. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді. Әсіресе, қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған, бар тілегін перзентінің жолына байлаған әлемдегі ең мейірімді ана, ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Ата — ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Біз үшін олардың орны бөлек екені ақиқат. Сөзімізді қорыта келе ғасырдан ғасырға, жылдан жылға дәстүр болып жалғасын тауып келе жатқан отбасы құндылықтарының мәнін кетірмей, керісінше өркендеп, алға басуына септігімізді тигізейік. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, оларға кір келтірмей жүру — барша халықтың басты парызы.
Отбасы — адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!
R-ақпарат