• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Отбасының басты мақсаты мен темірқазығы – бала тәрбиесі!

Автор:admin

Сен 20, 2022
Spread the love

Қоғамды танып-білу қоғамда тіршілік етіп жүрген адамдарды танудан басталады. Ал, адамдардың адамдық қасиеттерін танып-білудің бірден-бір жолы – олардың өмір сүрген ортасы, яғни отбасы және сол жерде алған тәлім-тәрбиесі. Осы орайда, ізгі және имани тәрбие алған адам – өнегелі, иманды жанұяның ізгі жемісі екені сөзсіз.

Отбасы дегеніміз – адам баласының жанына жақын әлеуметтік ортасы, сондай-ақ ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың асыл мұрасы. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ата-анасы және отбасы мүшелері оны алғаш рет өмірмен, өзін қоршаған ортамен және мінез-құлық нормаларымен таныстырады. Демек, бұл баланың келешекте саналы азамат болып өсуіне негіз болатын баспалдақ. Жанұя – бірлігі жарасқан орта, бала тәрбиесіндегі басты ұжым.

Отбасының басты мақсаты мен темірқазығы – бала тәрбиесі. Ендеше, жанұя тәрбиесі – тәрбие алудың негізгі іргетасы.

Яғни, адамның жеке тұлға болып ер жетіп өсуі мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі жанұяда қалыптасады. Сондықтан да «Отбасы – ғажап табиғаттың сыйы, тіршілік тірегі», – десек қателеспейміз. Осыған орай, ұл-қыздарымыздың бойына ар-ұят, адамгершілік, инабаттылық, сүйіспеншілік, береке-бірлік, жанашырлық және т.с.с. асыл қасиеттерді  бойына дарытатын имандылықтан бастау алған берекелі отбасының зор әсері баршылық.

«Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы  құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз бекер айтпаған. Бұл дегеніміз, отбасы – адамзат ұрпағы үшін еш нәрсемен салыстыруға жатпайтын  алтын діңгек, қасиетті өмірлік мектеп. Мектеп деп баланың ақыл-парасаты мен ой-өрісін жетілдіретін тәлім-тәрбие алатын ұжымды айтамыз. Бұл жерде өмірлік мектеп рөліне отбасы, ошақ қасы ие болып отыр.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген қазақтың нақыл сөзі отбасындағы тәрбиенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр.

Бағзы заманнан бері қазақ халқымыз балаларына салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа айналған ұлттық тәрбие беруге ұмтылып,  «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» арқылы барынша адамгершілік қағидалардан тұратын имандылықты басшылыққа алған.

Шынында да, дана хылқымыз айтқандай: «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» – демекші, балаға жастайынан адами қасиеттерге толы үлгі-өнеге көрсетіп, рухани құндылықтарды дәріптеп, кемелді тұлға өсірсек, жас ұрпақтың жарқын болашаққа қол жеткізетініне сеніміміз арта түседі.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика