Еркек үйдің егесі болғанда, әйел үйдің шегесі іспетті. Отбасын жылу мен мейірге бөлейтін, оның тыныштығы мен берекесін сақтайтын да – осылар. Діни түсінік бойынша қисық қабырғадан жаратылғанын ескеріп, еркекке жол берсе де, Құдайтағала еркектің маңдайына жазбаған нығметтерді аямай берген. Солардың ішіндегі ең ұлы нығметі – бала туып, ана болу бақытын бұйырғаны. Күйеуінің сырттан тауып әкелген дүниесін шашау шығармай, бірін екі қылатын берекелі алақан да әйелдердің еншісінде. Баланы туып қана қоймай, ақ сүтімен асырау, олардың үйдегі жағдайын жасап, тәрбиесімен айналысу да – әйел затының қасиетті борышы. Тіптен баланың санасындағы әке бейнесін аспанмен теңестіріп биіктету де, керісінше жерге көміп қор ету де әйелдің саналығымен байланысты.
Шыны керек, дәстүрлі отбасында еркек әйелден бір саты жоғары тұратыны рас. Бірақ солай екен деп қазақ қоғамындағы әйелдердің орны төмен болған екен ғой деген түсінік қалыптаспауы керек. Егер қазақ қоғамында әйелдердің рөлі тым төмен болғанда атақты батыр Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабында айтатын бүкіл ауылды бір шыбықпен айдайтын Қызтумас әжесі, Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы талайды көрген офицер Қасымбекті генаралдың алдында тұрғандай жүрегін дүрсілдеткен Қамқа кемпір секілді образдар қайдан келді?! Ал әдеби образдың өзі өмірден алынатынын жақсы білеміз. Дегенмен сол әжелеріміз де қаншалықты сұсты болғанымен, әйелге тән әдептен аттап көрген емес.
Десе де, бүгінгі демократиялық қоғамның әсерімен еркек пен әйелдің теңесуі арқасында кейбір отбасылық құндылықтарға нұқсан келіп жатқаны өтірік емес. Әрине, қандай ірі жетістікке жетсе де, өзінің нәзікжанды екенін ұмытпай, отбасы құндылығын бәрінен жоғары қоятын әйелдер өте көп. Дегенмен сол «бостандықты» бұрыс түсініп жатқандардың да қатары аз емес екені анық.
Бірде ютуб желісінен АҚШ-тың атақты режиссері Аррон Руссомен болған соңғы сұхбатты көргеніміз бар. Сол сұхбатында өзінің Девид Рокфеллермен танысып, бір-екі рет дастархандас болғаны айтылады. Сондай бір дастархан үстіндегі әңгімеде Д.Рокфеллер А.Руссодан: «Біз Рокфеллерлер феминизмді қаржыландырдық. Соның себебі не екенін білесің бе?» – деп сұрайды. Бұған А.Руссо кең таралған үйреншікті жауап айтады. Сонда А.Руссоға мысқылдай қараған Д.Рокфеллер: «Оның түпкі екі-ақ мақсаты бар. Біріншіден, үйде отырған әйелдерге желік бітіріп, еркектермен бірге жұмыс істеуге мәжбүрледік. Осы арқылы қазынаға бұрын тек қана еркектер ғана салық төлесе, енді әйелдер де салық төлей бастады. Соның арқасында біздің табысымыз да екі есеге артты (АҚШ экономикасының шын билеушісі – осы Рокфеллер). Екіншіден, әйелдер де еркектермен жарысып бәсекеге түскендіктен, дәстүрлі отбасының тұғыры шайқалып, балаларды тәрбиелеу балабақша мен мектепке тапсырылды. Яғни оларды тәрбиелеу құқын бізге берді. Ал олар болашақта біздің сойылымызды соғатын қуыршаққа айналады», – дейді. Рас-өтірігін кім білсін, бірақ әдемі ұрандармен бүркемеленген мұндай сұрқия жоспардың болмағанын теріске шығара алмаймыз.
Мейлі, қандай мектеп не университет болсын, ата-ана тәрбиесінің орнын алмастыра алмайтыны шындық. Әсіресе, ана тәрбиесінің орны бөлек. Әкесінің қамқорлығын, анасының мейірімін толық сезінген бала ғана айналасына тек жақсылық бағыштай алмақ. Бастысы, отбасында әрбірі өз орнын біліп, өзіне тән функциясын іске асырса ғана болғаны.
R-ақпарат