Осы тақырыптарды зерттеген ғалымдардың бірі В.С.Мухина мен Л.А.Венгер. Олар шимпанзенің кішкентай екі баласын алып, біреуіне мамық жүнді жұмсақ куыршақ берген және бұл қуыршақтың кеудесінен сүт шықпайды, ал екінші шимпанзенің баласына суық, қатты, бірақ кеудесінен сүт шығатын қуыршақ жасап берген. Осы екі кішкентай шимпонзе балаларының мінез-құлқын бір ай қадағалап бақылаған. Нәтижесінде мамық жүнді, сүті жоқ қуыршақты шимпонзе баласы қолынан түсірмей, кеудесіне басып өзімен үнемі ұстап жұрген. Ал екінші суық, қатты, бірақ сүті бар қуыршаққа шимпонзе баласы жақындамаған, қолына ұстамаған. Қайда болса, сонда тастап кете берген. Бұдан шығатын түйін, мақұлық баласының өзі махаббат сезімін қажет етеді, жан жылуын, жұмсақ қатынасты іздейді. Адамның баласы да тек махаббат сезімін сезінгенде ғана өзі де сондай сезімді ата-анасына бере алады. Бұл ғылыми тұрғыдан зерттеліп, дәлелденген.
Бала әр уақытта өзіне жасалған эмоциялық қолдауды қажет етеді. Л.А.Венгердің пікірінше баланың жан-жақты дамуына отбасы мүшелерінің арасындағы сүйіспеншіліктің әсерін көрсете келіп, баланың бойында адамгершілік және эстетикалық талғамы жоғары, ынтымақтастық қарым-қатынастағы толыққанды азамат болып өсетінін анықтаған. Осылайша, баланы еркін, сүйіспеншілікпен тәрбиелеудің маңызын ашқан.
Батыстық психолог Э.Фромм: «отбасындағы баланың психологиялық тепе-теңдігі оның ата-анасымен болған жақын да эмоциялық қатынасына байланысты» – деп көрсетсе, бала бойындағы невроздың болу себептерін зерттеген ресейлік ғалым А. И. Захаров отбасындағы қаталдыққа, зорлық-зомбылыққа, жағымсыз эмоциялық қатынасқа балаға немқұрайлы қарайтын ата-аналардың балалары ұшырайтынын анықтаған. Осы орайда чех ғалымдары И. Лангмейер мен З. Матейчек баланың психикалық даму мәселелерін зерттей келе, отбасындағы сүйіспеншілікке толы қарым-қатынас балалардың жарасымды әлеуметтік-психологиялық қасиеттеріне ғана емес, сонымен қатар, олардың физикалық денсаулығына да тиімді ықпал ететінін анықтаған. Олар екі отбасын алып салыстырған: бірі сүйіспеншілік орнаған отбасы болса, екіншісінде селқостық, ымырасыздық, ынтымақтастығы жараспаған отбасы. Екі отбасындағы балалардың дәрігерлік анықтамасы бойынша сүйіспеншілік қатынастағы балалардың денсаулығы әлдеқайда жоғары болған. Бұдан шығатын түйін: отбасындағы жарасымдылық, сүйіспеншілік сезімдері отбасы мүшелерінің физикалық және рухани-адамгершілік, әлеуметтік-психологиялық даму деңгейіне жүйелі ықпал етеді.
R-ақпарат