• Вс. Дек 21st, 2025
Популярные метки

ОРДАБАСЫ: ЖЕҢІС ЖӘНЕ БӨГЕН АУЫЛ ОКРУГТЕРІНДЕ КЕЗЕКТІ ТҰРҒЫНДАР КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 21, 2025

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Жеңіс және Бөген ауыл округтерінде болып, тұрғындармен кезекті есепті кездесу өткізді. Кездесу барысында ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері таныстырылып, ауыл округтерінде атқарылған жұмыстардың барысы мен алдағы жоспарлар туралы толық ақпарат берілді.

Ашық форматта өткен кездесудің алғашқы бөлігінде Жеңіс ауыл округі тұрғындарының өзекті мәселелері тыңдалды. Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген сұрақтарға жауап беріліп, шешілуі қажет мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Жеңіс ауыл округінің 2025 жылға бекітілген бюджеті 70 млн 835 мың теңгені, ал өзіндік кірістері 35 млн 082 мың теңгені құрады. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан көтерілген төрт мәселенің үшеуі толық шешімін тапса, бір ұсыныс бақылауда қалдырылды.

Округтегі ең өзекті инфрақұрылымдық жобалардың бірі – суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету бағытында «Р-6» каналының 7 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізу. Жоба құны 270 млн теңге көлемінде бағаланып, мердігер мекеме ретінде «СМУ-17» ЖШС қызмет атқаруда. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталуы жоспарланған. Бұған дейін, 2022 жылы каналдың 3 шақырымы бетондалған болатын. Жеңіс ауыл округінде жалпы 3 859 гектар суармалы алқапты қамтамасыз ететін бес канал бар, оның 17,3 шақырымы механикалық тазартудан өтті. Сонымен қатар, ағын суды үнемдейтін заманауи технологияларды енгізу мақсатында 650 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі орнатылды.

Инфрақұрылымдық шаралар аясында Дихан ауылына жаңа балалар ойын алаңшасы салынып, көшелерге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін қажетті архитектуралық құжаттар әзірленіп, газ құбырларына мемлекеттік акт рәсімделді. Ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын «Таза су» мекемесі толық аяқтады. Электр желілерін жаңарту бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында 3,5 шақырым электр желісін жаңартып, трансформаторларды толық ауыстырды.

Бөген ауыл округінің биылғы жылғы бюджеті 79 млн 548 мың теңгені, ал өзіндік кірістері 19 млн 530 мың теңгені құрады. Жыл басынан тұрғындар көтерген төрт мәселенің екеуі толық шешімін тауып, қалған екеуі бақылауда қалдырылды. Ауылдағы суармалы 4 363 гектар жерді қамтамасыз ететін жеті каналдың екеуіне – Р-1 және ЛБК каналдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. ЛБК каналының 4,2 шақырымы механикалық тазартудан өтті. Тамшылатып суғару технологиясы Бөген ауылында 20 гектар алқапқа енгізілді.

Кездесу барысында тұрғындар денсаулық сақтау, көше жарығы, жолдарды асфальттау, мәдениет үйінің қоршауын салу, жайылым тапшылығы және басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Аудан әкімі әрбір мәселеге нақты шешімдер қабылданып, ауылдық округ әкімдігі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелгенін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында Азат Оралбаев тұрғындарға қоғамдық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, қоршаған ортаны таза ұстау, ауыл аумағын көгалдандыру және ортақ іске үлес қосу әрбір тұрғынның азаматтық міндеті екенін жеткізді. Кездесу форматы ашық әрі нәтижелі өтіп, тұрғындар мен әкімдік арасындағы өзара байланысты нығайтып, ауылдық инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды іске асыруға мүмкіндік берді.

Ордабасы ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызмет сапасын жақсарту және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді тұрақты түрде жоғарылату. Суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету, тамшылатып суғару жүйесін енгізу, жолдар мен көшелерді жөндеу, газ және электр желілерін жаңарту, балаларға арналған ойын алаңшаларын салу, мәдениет үйлерін абаттандыру – осы бағыттағы негізгі жобалар болып табылады.

Аудан әкімдігінің тұрақты бақылауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге, жергілікті экономикалық дамуға үлес қосуға және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жеңіс және Бөген ауыл округтерінде тұрғындармен кездесулердің жүйелі түрде өткізілуі, олардың өзекті мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын белгілеу – аудан әкімдігінің ашық басқару принципін айқын көрсететін маңызды іс-шара болып табылады.

Жалпы, аталған кездесулер тұрғындардың ұсыныстары мен ұсыныстарын тыңдау арқылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыруға, ауылдық инфрақұрылымды жаңартуға, коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын көтеруге бағытталған нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді. Аудан әкімдігі тұрғындардың пікірі мен ұсыныстарын ескере отырып, ауылдық округтердің дамуын қамтамасыз етуге және халықтың әлеуметтік мүдделерін қорғауға жүйелі түрде көңіл бөліп отыр.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *