Халықпен тікелей байланыс орнату, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді жедел әрі ашық форматта қарау мақсатында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдау «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ғимаратында ұйымдастырылып, оған әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері қатысты.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар аудан басшысына өздерінің күнделікті өмірінде кездесіп отырған мәселелерін жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету, табиғи газ тарифіне қатысты сұрақтар, тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін алу, сондай-ақ су каналы арқылы өтетін көпірдің жағдайына байланысты болды.
Қабылдауға келген азаматтардың бірқатары әлеуметтік жағдайына байланысты баспана мәселесін көтерді. Осыған орай аудан әкімі мен жауапты сала мамандары тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі, қолданыстағы заңнамалар, мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанаға қол жеткізу жолдары туралы жан-жақты түсіндірме берді. Әсіресе «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатын қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларының шарттары, талаптары мен мүмкіндіктері егжей-тегжейлі айтылды.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар тарапынан түскен өтініштер де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі бұл мәселелер бойынша ауыл округ әкімдері мен әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, әрбір өтініш иесінің тұрмыстық жағдайын зерделеу, қажетті қолдау тетіктерін анықтау және заң аясында нақты көмек көрсету міндеттелді. Бұл бағытта жұмысты формалды түрде емес, әр отбасының жағдайын ескере отырып жүргізу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар қабылдау барысында инженерлік және инфрақұрылымдық мәселелер де көтерілді. Тұрғындар тарапынан жол, су, газ, көпір секілді маңызды нысандардың жағдайына қатысты ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі бұл мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, кемшіліктерді жою, мердігер ұйымдардың жұмысын қайта қарап, олардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындармен кері байланысты нығайтып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы ашық ақпарат беріп отырудың маңыздылығына тоқталды.
Қабылдау барысында кейбір мәселелердің жан-жақты талдауды қажет ететіні анықталды. Осыған байланысты аудан әкімі бірқатар өтініштер бойынша жергілікті жерге барып, жағдайды көзбен көру, нақты ахуалды зерделеу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қадам қабылданатын шешімдердің нақты әрі әділ болуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Аудан басшысы жеке қабылдаулардың басты мақсаты – халықтың үніне құлақ асып, әрбір мәселені заң шеңберінде шешуге ықпал ету екенін жеткізді. Ол тұрғындардың көтерген барлық сұрақтары мен ұсыныстары назарға алынатынын және олардың шешілу барысы өзінің тікелей бақылауында болатынын айтты.
Қабылдауға келген тұрғындар өз кезегінде аудан әкіміне ашық форматта пікір білдіруге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтып, мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Халықпен тікелей жүздесулер жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтып, өзекті мәселелердің уақытында шешілуіне жол ашатыны белгілі.
Жеке қабылдау қорытындысы бойынша барлық өтініштер тіркеуге алынып, тиісті сала мамандарына жолданды. Алдағы уақытта олардың орындалу барысы кезең-кезеңімен бақылауда болып, тұрғындарға кері байланыс беріледі. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі болып табылады.
