Аудандық Мәдениет үйінде өткен кезекті жиын барысында “Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы төрағасы Асылхан Темірхан мәдениет қызметкерлерімен еркін форматтағы кездесу өткізіп, саладағы еңбегімен ерекшеленген бірқатар мамандарды марапаттады.
Кездесудің негізгі мақсаты – мәдениет саласының бүгінгі дамуы, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау механизмдері, Кәсіподақ ұйымының қызметі және сала мамандарының кәсіби құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды түсіндіру. Сонымен қатар, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.
Жиында аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлзина Балабиева Насырлақызы салалық кәсіподақтың жоғары марапатына ие болды. Ол Кәсіподақ ұйымы төрайымы С. Иманқұлованың атынан берілген “Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Бұл ерекше төсбелгі мәдениет саласына сүбелі үлес қосып, ауданның рухани-мәдени өмірін дамытуға ұдайы еңбек етіп жүрген басшының кәсіби жетістіктеріне деген құрметтің белгісі екені атап өтілді.
Сонымен қатар, мәдени шараларды ұйымдастырудағы шығармашылық белсенділігі мен жауапкершілігі үшін Мәдениет үйінің режиссері Перизат Баймаханова салалық Кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Режиссердің өндірістік процестерді жаңғыртуға қосқан үлесі, мәдени іс-шаралардың мазмұндық деңгейін арттырудағы еңбегі ерекше аталып өтті.
Жиында аудан мәдениетінің дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан өнерпаздар да назардан тыс қалмады. Ән айту шеберлігімен, кәсібилігімен және ауданның өнер саласында өзіндік орны бар Нұргүл Алтынбекқызы да Құрмет грамотасымен марапатталды. Жиынға қатысушылар әншінің ұлттық өнерді насихаттауға қосқан үлесін, жастарға үлгі боларлық шығармашылық жолын ерекше атап өтті.
Ал “Ордабасы” фольклорлық халық ансамблінің көркемдік жетекшісі Біржан Қалыбеков ұжымдық өнердің дамуына қосқан еңбегі үшін марапатталды. Оның жетекшілігімен ансамбль аудандық ғана емес, облыстық және республикалық деңгейдегі шараларда өнер көрсетіп, төл мәдениетті дәріптеуде маңызды рөл атқарып келеді. Ансамбльдің шығармашылық ізденісі, фольклорлық бағыттағы жұмыстарды жаңғыртуы – аудан мәдениетінің өркендеуіне қосылған айрықша үлес.
Кездесу барысында Асылхан Темірхан мырза мәдениет саласының қызметкерлеріне кәсіподақ тарапынан көрсетілетін қолдау бағыттарын кеңінен түсіндіріп, әлеуметтік қорғау шаралары, еңбек қатынастары, заңнамалық өзгерістер мен кәсіби құқықтар туралы толық ақпарат берді. Ол мәдениет қызметкерлерінің еңбегі қоғам өмірінде ерекше орын алатынын, мәдениетті дамыту – руханиятты дамыту екенін атап өтті.
Мәдениет үйінің ұжымы марапат иегерлерін шын жүректен құттықтап, олардың еңбегінің берекелі болуын тіледі. Қызметкерлер өз кезегінде көрсетілген құрметтің жауапкершілікті арттыра түсетінін айтып, аудан мәдениетін дамыту жолындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
Ордабасы ауданында мәдениет саласын дамыту бағытындағы мұндай шаралар қызметкерлердің ынтасын көтеріп қана қоймай, олардың кәсіби беделін арттырып, шығармашылық ортада жаңа серпін қалыптастырады. Руханиятқа қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Сондықтан мәдениет саласындағы еңбектің жоғары бағалануы ауданның мәдени өмірінің дамуына оң ықпал етеді.
