Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлардың орындалу барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен қызметкерлері, дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекеме басшылары, сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Аппараттық жиын барысында күн тәртібіне аудан өміріне тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер шығарылып, әр бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі мен алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудан бюджетінің кіріс және шығыс бөлігінің орындалу барысына арналды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева мен мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ғани Нұрымбетов жыл қорытындысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, кейбір индикаторлық көрсеткіштердің төмен орындалу қаупі бар екенін атап өтті. Баяндамада кірістерді арттыру, салық және өзге де міндетті төлемдердің уақытылы түсуін қамтамасыз ету, жоспарлы көрсеткіштерден ауытқулардың алдын алу бағытындағы нақты шаралар сөз болды.
Аудан әкімі бұл мәселеге ерекше назар аударып, әрбір бөлім мен ауылдық округ әкімдеріне бюджеттік тәртіпті сақтау, кіріс көздерін ұлғайту және көрсеткіштердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар жоспарлау мен бақылау тетіктерін күшейту қажеттігін атап өтті.
Келесі кезекте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Берік Алтынбеков аудан аумағындағы ағын су саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Суару жүйелерін реттеу, егістік алқаптарды сумен қамту, туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары кеңінен қозғалды. Баяндама барысында саладағы өзекті түйткілдер, техникалық және ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелер де ашық айтылды.
Аудан әкімі ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейту, жауапты мекемелер арасындағы үйлесімділікті арттыру және шаруалармен кері байланысты нығайту қажеттігін тапсырды. Су ресурстарын тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Жиын барысында ауданда бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан және жыл соңына дейін пайдалануға берілетін бірқатар жобалар қаралды. Әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдық және өзге де маңызды жобалардың орындалу барысы талқыланып, олардың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы басты талап ретінде қойылды. Аудан әкімі жауапты басшыларға құрылыс пен жөндеу жұмыстарына қатаң бақылау орнатып, халық игілігіне берілетін нысандардың талапқа сай болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар аппараттық жиында күн тәртібінен түспейтін қоғамдық-саяси ахуал мәселесі де қозғалды. Аудандағы тұрақтылықты сақтау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел жауап беру қажеттігі айтылды.
Күзгі әскерге шақыру науқанының барысы, жылу маусымының өтуі, коммуналдық қызметтердің дайындық деңгейі де талқыланды. Бұл бағыттар бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету басты назарда болуы керектігі ескертілді.
Сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясының орындалу барысы қаралып, тазалық жұмыстарына тұрғындарды кеңінен тарту, қоғамдық орындар мен елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Азат Оралбаев барлық бөлім басшыларына берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды, белгіленген міндеттерді мерзімінде әрі сапалы орындауды қатаң тапсырды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, халықпен ашық әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Аппараттық жиын ауданның алдағы даму бағыттарын айқындап, ортақ мақсат жолында барлық сала басшыларының үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуінің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
