• Вс. Сен 7th, 2025
Популярные метки

«Мерейлі отбасы — 2025»: Шымкентте үздік отбасылар анықталды

Автор:admin

Авг 14, 2025

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Сәрсен Абайұлы дәстүрлі отбасылардың ел бірлігін сақтаудағы рөлін атап өтіп, қазақ қоғамында ер азаматтың, ананың, қыз-келіннің өзіндік орны ғасырлар бойы қалыптасқанын және бұл жүйені сақтау, жас ұрпаққа жеткізу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, бұрынғы жылдардағы жеңімпаздардың өмір жолы арнайы кітап ретінде жарық көретінін жеткізді.
Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Бекхожақызы биылғы байқауда еңбек династияларына ерекше мән берілгенін және іріктеу жұмыстарының аудандық кезеңнен бастап жүйелі жүргізілгенін айтты.
– Биыл Шымкент қаласында өтінім қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізіліп, 150-ден астам өтініш түсті. Үздіктер арасынан қалалық кезеңге 20 отбасы іріктелініп, олар отбасы мүшелерінің қоғамға қосқан үлесі, балалардың жетістігі, еңбек дәстүрін сақтау және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру бойынша бағаланды, – деді ол.
Жиында 20 қатысушы отбасының барлығына қала әкімінің алғыс хаттары мен теледидар сыйлыққа берілді. Ал бас жүлде иегері – Әл-Фараби ауданынан қатысқан теміржолшылар әулеті Нұртаевтар 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып, 12 қыркүйекте Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Бұл байқау – отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға және қоғамда мейірімділік, сыйластық сынды адами қасиеттерді ұлықтауға бағытталған маңызды алаң. Қатысушылардың көпшілігі – бірнеше буын өкілдерінен құралған еңбек адамдары, ұстаздар, дәрігерлер, әскери қызметкерлер мен ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жандар. Олар өз өмірлерімен өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді.
Байқау барысында көрермендерге отбасы шежіресі, ортақ құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар туралы әсерлі бейнебаяндар ұсынылды. Әр отбасының тарихы – бір кітапқа татырлық тағылым. Осы арқылы жастардың бойына отбасылық жауапкершілік пен бірлік, өзара түсіністік секілді құндылықтар сіңіріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келер жылы байқау аясында өңірлерде арнайы семинарлар, тренингтер мен «Отбасы күніне» орай шығармашылық байқаулар өткізу жоспарланып отыр. Бұл қадамдар ұлттық тәрбиенің негізі саналатын отбасы институтын жаңаша дамытудың тетігі болмақ.
«Мерейлі отбасы» байқауы – тек марапат үшін емес, ел ішіндегі ынтымақ пен берекені, сыйластық пен ұрпақтар сабақтастығын насихаттайтын ауқымды қоғамдық жоба. Осындай бастамалар арқылы біз бірлік пен берекеге негізделген қоғам құра аламыз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *