Жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мемлекет бюджетінен едәуір қаражат бөлінеді, бірақ тұрақты жұмыс орындарын құрудың нақты тетігі жоқ. Карантин шараларының енгізілуі және көптеген шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысын тоқтатуы жұмысынан айрылған адамдар санын арттырды. Сондықтан бұл мәселе, шын мәнінде, жүйелі шешім қабылдауды талап етеді. Қазіргі жағдайды ескере отырып, Үкімет адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешу бойынша арнайы шаралар кешенін қабылдады. Үкімет мектеп, аурухана, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын салуға және қайта жаңартуға, елді мекендерді абаттандыруға көп қаржы бөліп, ол жұмыстарға жұртты тарту, соның есебінен жұмыс орындарын құру деген стандартты жолмен жүру арқылы мәселені шешудің тиімсіз құралын таңдады. Ол үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы әзірленді. COVID-19-ға қарсы күреске бөлінген бюджет қаражатының, оның ішінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) бөлетін қаражаттың пайдаланылуына қоғамдық бақылау ерекше өзекті болып отыр. Integrity Astana тобы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен осы шығындарға талдау жүргізді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылға арналған жалпы бюджеті мемлекеттік бюджетті соңғы нақтылауды ескере отырып, биылғы сәуір айында 4 трлн теңге болып, 17%-ға артты. Бұл ретте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қамтамасыз етуге арналған шығындар бабы 7%-ға өсті, ол – министрлік бюджетінің 89%-ы. Ақша бөлінген үстіне бөлініп жатыр Кадр даярлау, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары көзделген қазіргі «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасына қосымша, инфрақұрылым объектілерін салу және дамыту есебінен жұмыс орындарын құру жөніндегі шараларды қамтитын «Жұмыспен қамтудың жол картасы (ЖҚЖК)» бағдарламасы әзірленді. Үкімет жұмыспен қамту бойынша екі бағдарламаны іске қосу қажеттігін әртүрлі іс-шаралар аясымен түсіндіреді. ЖҚЖК бағдарламасы дағдарысқа қарсы және уақытша, яғни 2 жылға әзірленген дейді. Дей тұрғанмен, жұмыспен қамту мәселелері бойынша екі бірдей бағдарламаны қатар іске асыру – нонсенс. Биыл жұмыспен қамтуға арналған осы екі бағдарлама бойынша мол қаражат бөлінді. Атап айтқанда, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» шығындары 30 млрд теңгеден 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ең қызығы, «ЖҚЖК» бағдарламасына тек осы жылдың өзінде республикалық бюджеттен 300 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, бұл қаражатқа мемлекеттік облигацияларды шығару есебінен қосымша 700 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр. Осылайша, «ЖҚЖК» бағдарламасына биыл 1 трлн теңге және «Еңбек» бағдарламасына 80 млрд теңге бөлінеді. Жалпы, биыл жұмыспен қамту шараларына 1080 млрд теңге бөлінді. Бұл қандай сома? Бұл – өте үлкен сома. Оны дұрыс пайдаланса, көптеген қордаланған мәселені шешуге және жұмыссыздықты едәуір азайтуға болады. Бұл ретте ҚР Бюджет Кодексінің 212-бабының 3-тармағында «Шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының борышын өтеу міндетті түрде міндеттемелермен белгіленген мерзімде жүзеге асырылады» деп көрсетілген. Қоғамдық мониторинг аясында біз ЖҚЖК бойынша жоспарланған жобалар мен іс-шараларға қатысты ақпарат табуға тырыстық. Ашық дереккөздерде жалпы ақпарат жоқ. Өңірлердің әкімдіктері жұмыспен қамту бағдарламасы аясындағы жобалар бойынша там-тұм ақпаратты жариялап тұрады. Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен алған ақпаратқа сәйкес, ЖҚЖК бағдарламасы бойынша қаражаттың 31%-ы (шамамен 310 млрд) әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға, жөндеуге және қайта жаңартуға көзделген. Бұл негізінен білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру нысандары. Шамамен 26% (260 млрд) – ТКШ нысандарына. Мұнда негізінен тұрғын үй, жатақханалар, су, энергия, газ, жылумен жабдықтау және кәріз нысандарын салу және жөндеу бойынша шаралар қарастырылған. Тағы 25% (250 млрд) инженер-көлік инфрақұрылымы нысандарын салу мен қайта жаңартуға жұмсалады. Бұл бағытқа қалалық, кенттік жолдар, тротуарлар, кірме жолдар, дамбылар мен көпірлер, сондай-ақ су шаруашылығы нысандары кіреді. ЖҚЖК бюджетінің бестен бір бөлігі, яғни 18% (180 млрд) елді мекендерді абаттандыруға бағытталады. Оған аулаларды, саябақтар мен көшелерді, балалар алаңдарын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру кіреді. Бағыттар шын мәнінде көп. Еңбек министрлігі берген түсініксіз түсініктемеде қандай бағыттарға қалай басымдық берілгені айтылмайды. Тізімде бірнеше жерден 18 млрд және 6 млрд теңгенің «инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын» көруге болады. Сондай-ақ, жалпы сомасы 8 млрд теңгеден асатын «Қорғаныс министрлігінің жобалары» деген жолдар бірнеше рет кездеседі. Өкінішке қарай, ашық қол жетімді жобалардың тізімі әлі жоқ. Денсаулық сақтау жүйесінің жалпы 24 нысанын салу және 177 нысанды күрделі жөндеу көзделіп отыр. Бұл ел ауқымы бойынша өте аз. Жергілікті атқарушы органдардың жобаларды іріктеу кезіндегі белсенділігі де түсініксіз. Біздің ойымызша, құрылыс және қайта жаңарту нысандарының тізімін әкімдіктер асығыс және басымдықтарды ескермей жасаған. Жергілікті атқарушы органдар өздерінің қалауы бойынша қажетті инфрақұрылымдық жобаларды іріктеген. Бұл ретте, іріктеу кезінде құжаттардың әзірлігін (сараптамадан өткен, шығыстардың дайын сметаларымен ЖСҚ-ның болуы) ескерді, бірақ жұмыспен қамту мәселелерін ескермеді. Тағы бір мәселе – құрылған жұмыс орындары қаншалықты тұрақты болады. ЖҚЖК бағдарламасы аясында 6 762 нысанды салу немесе жөндеу және 242 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл ретте осы жұмыс орындарының ішінен: 81 мың жұмыс орны құрылыста, 46 мыңы – күрделі жөндеу, 87 мыңы – биылғы жөндеу және 27 мыңы – қайта жаңарту бойынша ашылады. Яғни, жұмыс орындарының басым бөлігі жөндеу саласында. 1 трлн теңгені жұмсау тек 15 мың тұрақты жұмыс орнын құруға сеп болады, ал 242 мың адам бірнеше айға ғана жұмыспен қамтылады. Қауіп қайдан Қолданыстағы ЖҚЖК бағдарламасы 2015-2016 жылдардағы ЖҚЖК бағдарламаларына ұқсас әзірленді, онда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру – үш бағыттың бірі еді. Есеп комитетінің 2016 жылғы тексеру нәтижелері бойынша инфрақұрылымдық жобаларға барлық бағдарламаның 88% қаражаты бөлінгені, ал оларға қатысушылардың тек 5%-ы жұмысқа орналасқаны атап өтілді. Есеп комитеті тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі бағдарлама тиімділігінің төмендігін атап өтті және көздеген мақсатқа қол жеткізілмегенін ескертті. Қорытынды: 2020-2021 жылдарға арналған ЖҚЖК-да бұрынғы бағдарламалардың қателіктері ескерілмеген. Аймақ тұрғындарының айтуынша, ЖҚЖК бағдарламасын жүзеге асыру кезінде мердігер компаниялар нысандарға өздерінің жұмыскерлерін әкеліп, жергілікті жұмыссыздарды қажет ете қоймайды. Себебін «білікті мамандар емес» деп түсіндіреді. Әкімдіктер бұл мәселені әдетте бақыламайды. ЖҚЖК аясындағы тағы бір маңызды мәселе – қаржының игерілмеу қаупі. Бұл бағдарламаға бұрын-соңды мұндай үлкен сома бөлінген жоқ. Салыстыра отырайық: 2015 жылы ЖҚЖК-ға 38 млрд теңге, ал 2016 жылы 85 млрд теңге жұмсалды. 2016 жылы негізгі сома әкімдіктерге қараша-желтоқсан айларында келіп түсті, соның салдарынан көптеген жоба асығыс аяқталып, «асфальт қар үстіне төселді». Сондай-ақ, бағдарлама қаражатын орынсыз жұмсау ықтималдығы жоғары. Өйткені әкімдіктер тарапынан құрылыс барысын бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды. Бұл ретте жұмыс процесінде жобалар тізбесін қалыптастыруды және қаражатты мақсатты пайдалану бойынша әкімдіктердің жұмысын ешкім бақыламайды. Тексеруші органдар әдетте жобалар аяқталғаннан кейін тексеруге келеді. Біз ЖҚЖК жүзеге асырудың 5 негізгі проблемасын атап өттік. Біріншіден, бағдарлама жұмыспен қамту мәселелерін жүйелі шешпейді және тұрақты емес, уақытша жұмыс орындарын құруға ғана бағытталған. Екіншіден, бағдарлама бойынша жобаларды іріктеу нақты талаптар мен басымдықтарсыз жүзеге асырылды. Үшіншіден, ЖҚЖК бағдарламасына бөлінген қаражат тым көп және негізсіз. Төртіншіден, бюджет қаражатын игермеу және оларды тиімсіз пайдалану қаупі жоғары. Бесіншіден, нақты бақылау жүйесі жоқ, сондықтан бөлінген қаржыны мақсатсыз пайдалану қаупі бар. Қоғамдық бақылау мүлдем жоқ. Тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатына жету үшін үш қадам ұсынылады: Бағдарлама бойынша қаражаттың 20%-дан аспайтын бөлігін бөле отырып, ЖҚЖК бағдарламасы бойынша басталған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау. ЖҚЖК бағдарламасы қаражатының көп бөлігін кәсіпкерлік саласында жаңа жұмыс орындарын құруға қайта бөлу (қаражаттың 50%-ына дейін) Қаражаттың 30%-ы жұмыс істеп тұрған шағын бизнес субъектілеріндегі жұмыс орындарын сақтауға бағытталсын. ЖҚЖК бағдарламасын қайта қарау, жұмыспен қамтудың екі бағдарламасының (ЖҚЖК және «Еңбек») шараларын үйлестіру және қаражатты бағыттар арасында қайта бөлу, сондай-ақ қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Қалай қол жеткізуге болады? Инфрақұрылымдық жобалар болған жағдайда әрбір елді мекенде жұмыспен қамту бағдарламаларының іске асырылуына қоғамдық бақылау жасау қажет. Қоғамдық бақылаудың қатысуымен ЖҚЖК бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларға түгендеу жүргізу және ағымдағы жылы аяқталуы тиіс жобаларды айқындау қажет. Тек қоғамдық бақылау таңдаған жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету және басқа жобаларды қаржыландыруды тоқтату керек. «Еңбек» бағдарламасының 1-бағыты аясында (қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету) неғұрлым талап етілетін мамандықтар бойынша мердігер компаниялар үшін қажетті мамандарды даярлауды қамтамасыз ету, әкімдіктер мен мердігер компаниялар арасындағы шарттарға тиісті талаптарды енгізу есебінен жұмыссыздардың ішінен жергілікті қызметкерлерді жалдауды оларға міндеттеуді талап ету керек. Сондай-ақ, жобаларды іске асыру барысына және қоғамдық бақылаудың және «Адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кеңселерінің қатысуымен қаражаттың орнымен пайдаланылуына мониторинг жүргізу қажет. ШОБ қолдау аясында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша нақты қажет және оқығандар санын ескере отырып, «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) аясында микроқаржыландыру көлемін ұлғайту қажет. Ауылдық жерлерде мал шаруашылығын қолдау үшін мал сатып алуға қаражат бөлу қажет. Бизнес және қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп әрбір елді мекенде бизнес жобаларды, бірінші кезекте бизнесті іске қосуға және жаңа жұмыс орындарын құруға дайын қайта өңдеу өндіріс орындарын анықтау қажет. «Еңбек» бағдарламасының 1-бағыты аясында жоспарланған бизнес жобалар үшін кадр даярлауды бастау қажет. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жұмыс істеп тұрған шағын бизнес субъектілеріне жұмыс орындарын сақтау бойынша шаралар әзірлеу. ЖҚЖК бағдарламасы бойынша басталған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау, қаражаттың көп бөлігін (70%) кәсіпкерліктегі жаңа жұмыс орындарын құру және шағын бизнестегі жұмыс орындарын сақтау шараларына қайта бөлу ұсынылады. Жаңа бизнес жобаларды дамыту және жұмыс істеп тұрған субъектілерді қолдау есебінен мәселені тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы шешуге болады.
Жаһандық тәуекелдер ондығына кіретін мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Халықаралық еңбек ұйымының («International Labour Organization») мәліметіне сүйенсек, әлемде жұмыссыздар саны күннен күнге ұлғайып келеді. Аталмыш мәселемен Қазақстанда қалай күресіп отыр? Жұмысқа мұқтаж адамдар өзіне қажет жұмысты қалай таба алады? Отандық еңбек нарығы Еңбек нарығын ең алдымен жұмыссыздар қалыптастырады. Қоғамда жұмыссыздар мәселесі өткір тұрса, демек, еңбек нарығында түйіткілдер бар. ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің Статистика комитетінің жасаған дерегі бойынша елімізде белсенді халық саны 8938,8 мың адамды құрап отыр. Жұмыспен қамтылғандар саны – 8491,2 мың адам, жұмыссыздар саны – 447,6 мың адам. Қазасқтанда жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрайды. Көзделген кешенді міндеттердің бірі еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған. «Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Осы бағытта мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдар түрлі оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамту жобаларын қолға алған. Осы Жолдауда айтылған республиканың түкпір-түкпірінде тегін кәсіптік білім берудің алғышарттары бойынша жоспарлар жасалып, жұмыс топтары құрылып жатыр. Жаңа технологиялар келуімен көп салаларда адамның қол еңбегі керексіз болып қалады. Осы орайда әрбір азаматтың табыстылығы үшін қосымша мүмкіндіктер болуы тиіс. Жұмыс иесін қалай табады? Бүгінгі еңбек нарығы біршама ғаламтор арқылы бақыланады. Жұмыс іздеген адам отандық танымал әлеуметтік желілерге «көздеген» жұмыс орнын белгілеп, өзі туралы ақпарат беріп тіркеледі немесе жұмыс беруші бос жұмыс орны туралы хабарлама тастайды. «Market», «OLX» сынды әлеуметтік желілер адамның тұрмыстағы қажеттіліктерін орындауға құрылған, бұл электронды қызметтер жұмыс табуға, жұмыс беруге көмектеседі. Тек қана бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс орнын іздеушілердің қызметін жарнамалайтын отандық электронды қызмет ретінде «Naimi.kz» қосымшасын айтуға болады. Бұл үдеріс жеке меншік жұмыс орнын берушілердің еңбек нарығының келбеті. Бұдан басқа бос жұмыс орнын анықтайтын, ұсынатын түрлі порталдар мен басылымдар бар. Мемлекеттік мекемелер, ЖОО және т.б. ұйымдар бос жұмыс орнын БАҚ құралдары көмегімен тұрақты әрі міндетті түрде жариялап отырады. Алайда жаңа Жолдауда Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет делінген. Қандай мамандықтар сұранысқа ие? Заң мен экономика саласынан гөрі отандық нарықта инженерлік-техникалық, мамандықтарға сұраныс бар. Жоғары технологияларды менгерген ІТ-қызметкерлер, веб-дизайнерлер, сату-менеджерлері, жер байлықтары, мұнай, газ өнімдерін иегере алатын, жаңа кен орындарын таба алатын мамандар қажет. Сондай-ақ, аспаз, дәнекерлеуші, автоэлектрик, механик, мал дәрігері, агроном сынды мамандықтар да тапшылықта. Бизнес өкілдері бос жұмыс орнын жариялауға міндетті ме? Бос жұмыс орындары жайлы жұмыспен қамту орталықтарына ақпарат беру бизнес үшін сезімтал мәселе. «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнес департаменті мәлімдеуінше Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2016 жылғы 17 маусымдағы «Ағымдағы бос орындар және болжанатын жұмыс орындары дерекқорына қосу үшін қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтер беруге арналған әкімшілік есепке алу нысандарын бекіту туралы» № 532 бұйрығына сәйкес 1-бжо (бос жұмыс орны) нысан индексі бойынша жұмыс берушілер бос орын туралы жариялайды. Егер белгілі бір кәсіпорында бос жұмыс орны пайда болса, онда жұмыс беруші 3 жұмыс күннің ішінде орын туралы жұмыспен қамту орталықтарына хабарлауы қажет. Егер бос жұмыс орны болмаса, кәсіпкер жұмыс орнын жариялауға міндетті емес. Екінші индексті нысан (1 – болжам) бойынша жұмыс берушілер болжанылатын жұмыс орындары бойынша сұранысқа ие мамандықтарға қатысты мәлімет береді. Бұл шара жыл сайын 1 сәуйірден 1 қазанға дейән орындалуы тиіс. Заңға сәйкес, жұмыс берушілер осы шара арқылы халықты жұмыспен қамту саласы бойынша мемлекеттік саясатқа үлес қосады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес, жұмыс беруші бос жұмыс орын туралы жұмыспен қамту орталықтарына үш жұмыс күні ішінде хабарлау міндетті. Аталмыш жауапкершілік орындалмаса 2014 жылғы 5 шілдедегі ҚР Кодексіне сәйкес жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы хабарламаны ұсынбау, уақтылы хабарламау он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Әлеумет «Жұмыс істеймін деген әр адамға жұмыс табу өзекті мәселе. Әсіресе жұмыс үздеуші мүгедек, немесе кеше ғана бостандыққа шыққан жаза өтеуші болса қоғамда орын табу одан да қиын. Әлеуметтік кәсіпкерлік саласында тәжірибесі бар адам ретінде айтпағым, бизнес өкілдері мейілінше мүмкіндіктері шектеулі адамдарды жұмысқа тарту керек. Осы орайда жұмысқа мұқтаж жандарды тіркеуге алып арнайы еңбек нарығын бюросын ашпақ ойымыз бар. Кәсіпкерлік болған соң бұл ортада табыс болады, әрі мұқтаж адам жұмыспен қамтылады», – деді әлеуметтік кәсіпкер, Green TAL жобасының жетекшісі Эмин Әскеров. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруға «Атамекен» ҰКП атсалысады. Халықтың жұмысқа орналасуына барынша жағдай жасау үшін қатысушалрды қысқа мерзімді тегін кәсіптік оқумен қамтамасыз етеді. Бизнеске икемділігі бар жастар іріктеліп, қоғамда білікті, сұранысқа ие мамандар дайындалады. «Әр демократиялық қоғамда көмекке мұқтаж сектор болатыны анық. Бұған түрлі себептер болады. Олардың мүддесін қорғау, қоғамда орнын табуға ықпалдасу, жұмыс орнын тауып беру секілді міндеттемелерді мемлекет мүмкіндігінше орындап отыр. Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналаған бағдарламасына сәйкес жұмыспен қамту жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылмақ», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Бизнес коммуникацияларын мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев. Сарапшының айтуынша бағдарламаға сәйкес нарық сұранысына қарай мамандықтар ескеріледі. Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бірлесіп, ұйымдастырған қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары мамандар тапшылығын азайтады, жастардың тәжірибелік сағаттарына мән беріледі, сонымен қатар, Бірыңғай электронды «еңбек нарығы» құрылады.
R ақпарат