• Вт. Дек 16th, 2025
Популярные метки

МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР САПАСЫНА ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Автор:admin

Дек 15, 2025

Түркістан облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, ашықтық пен жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ тұрғындардың мемлекеттік органдар жұмысына деген сенімін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы “А. Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қоғамдық бақылау ұйымдастырылды. Іс-шара облыс аумағында мемлекеттік қызметтердің көрсетілу тәртібін қадағалау, қолжетімділігін тексеру, қызмет сапасына баға беру бағытында құрылған жоспардың бір бөлігі ретінде өтті.

Қоғамдық бақылау жұмысына Созақ ауданы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімшесінің бас инспекторы С. Қарабаев, сондай-ақ “Демеу” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы әрі аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Б. Смахова қатысты. Азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы бұл бақылаудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етті. Халықтың қатысуымен жүргізілген мониторинг мемлекеттік қызметтің халықпен кері байланысын жақсартуға, сонымен бірге көрсетілетін қызметтердің шынайы сапасына баға беруге мүмкіндік береді.

Бақылау барысында ең алдымен мекемедегі ақпараттық стендтер тексерілді. Онда мемлекеттік қызметтер туралы мәліметтер, қажетті құжаттар тізбесі, өтініш үлгілері және қызметтерді алу тәртібі көрсетілген. Ақпараттың толықтығы мен өзектілігі — қызмет алушылар үшін басты талаптардың бірі. Өйткені азаматтар қызметті алмас бұрын қажетті мәліметпен алдын ала танысуы тиіс. Қоғамдық бақылау тобы стендтердің жаңартылғанын, ақпараттың нақты әрі түсінікті берілгенін атап өтті.

Сонымен қатар өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының жұмысы да назардан тыс қалмады. Бұл аймақ тұрғындарға электронды үкімет порталы арқылы қызметтерді өз бетінше алу мүмкіндігін береді. Мониторинг барысында компьютер құрылғыларының қолжетімділігі, интернет жылдамдығы, порталмен жұмыс істеуге арналған нұсқаулықтар және азаматтарға көрсетілетін көмек сапасы тексерілді. Мұндай бұрыштардың тиімді жұмысы цифрлық сауаттылықты арттыруға, кезек пен артық құжат айналымын азайтуға тікелей ықпал етеді.

Бақылау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға да ерекше көңіл бөлінді. Ғимарат ішіндегі арнаулы бағыттаушы белгілер, пандустар, санитарлық бөлмелердің бейімделуі және дабыл батырмаларының жұмысқа жарамдылығы тексерілді. Бұл – барлық азамат үшін тең қолжетімді қызмет көрсету қағидатының орындалуын қамтамасыз ететін маңызды талап. Қоғамдық кеңес мүшесі Б. Смахованың пікірінше, Созақ ауданында инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған бастамалар жылдан-жылға артып келеді, алайда әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар.

Іс-шара барысында қызмет алушыларды қабылдау рәсімі, қызмет көрсету стандарттарының орындалуы, қызметкерлердің этикасы мен халықпен байланыс деңгейі бағаланды. Мемлекеттік қызметші үшін кәсіби мәдениет, ашықтық және адалдық — ең негізгі қағидаттар. Бұл қағидаттар тұрғындардың сенімін нығайтады, ал сенім – тұрақтылық пен қоғамдағы ынтымақтың негізі. Бақылау нәтижесінде қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша бірқатар ұсынымдар берілді. Оның ішінде ақпараттық материалдарды жаңарту, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу, электронды қызметтерді алу жолдарын кеңінен насихаттау, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылымды жетілдіру ұсынылды.

Мемлекеттік қызметтер сапасына қоғамдық бақылау жүргізу бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – ашық мемлекет қалыптастырудың тиімді тетігі. Мұндай іс-шаралар жедел шешім қабылдауға, азаматтардың пікірін ескеруге, кемшіліктерді дер кезінде анықтауға және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, барлық аудандарды қамтуда. Әрбір бақылаудың нәтижесі облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына, азаматтардың мемлекеттік ұйымдарға деген сенімінің артуына тікелей ықпал етеді.

Созақ ауданында өткен қоғамдық бақылау шарасы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам өкілдерінің және белсенді тұрғындардың бірлескен жұмысы – қоғамдағы бірлік, әділдік, сенім мен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға зор үлес қосады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *