Жастардың алған бағытының дұрыстығы немесе бұрыстығы жөнінде аға буын өкілдері дұрыс бағдар беріп отырған дұрыс деп санаймыз. Ел ішінде жүріп жатқан үлкен өзгерістер халықтың барлық бөлігінің, оның ішінде алғашқы кезекте жастардың белсенді болуын қажет етеді. Бұл орайда, мемлекеттің ішкі саясаты реттеп отырушы фактор болғаны жөн. Әлеуметтік саясатты құраушы бөлшектердің өзара қатынасын, маңызы мен мінезін түсінбейінше, философиялық тұрғыдан оның қайшылықтарын сараптамайынша, қоғамда орын алып жатқан жаңару мен қоғамдық құбылыстарды толық игеру мүмкін болмайды. Осыған орай жастардың бейімделуі, әлеуметтік қорғалуы, еңбек, шығармашылық және мәдени белсенділігі мемлекет саясаты шеңберінде жүргізіліп отырған істерге бағытталуы тиіс. Ұлттың тағдырын өз мойнына алған мемлекет, жастарға қатысты өз алдына нақты міндеттер қойып отыр. Жастардың әлеуметтенуі қазіргі қоғамда болып жатқан процестерден тыс жүре алмайды. Бұл процесті бір арнаға түсіру үшін жаңа мемлекеттік жастар саясатын тереңірек жетілдіру қажет. Бұл қоғамның реформалануы тұсында жас ұрпақтың нарықтық қатынасқа ерте бейімделуіне әсер етеді. Олай болса қоғамдағы жастар мәселесі оның мемлекетінің мәселелерінен бөліп қарау мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттің қызметінің басты бағыттарының әрі басым бағыттарының бірегейі жастар саясаты болып отырғаны Қазақстан Президентінің әр жылғы халыққа Жолдауынан көрініс табуда. Мемлекеттік жастар саясаты елдің әлеуметтік-мәдени дамуының негізі болып табылады. Жастар саясаты өз кезегінде кез-келген елдің басты басымдығы. Өйткені жастар саясатының өзі жастардың қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени-рухани мәртебесін сақтау әрі қорғау шаралары жүйесі, осы тұрғыдағы мемлекеттік және қоғамдық органдардың қызметі болып табылады. Сондықтан еліміздің жастарын ұлтжандылыққа, адамгершілікке, білімділікке, өркениеттілікке тәрбиелеу біздің ең басты құндылықтарымыздың бірі болмақ. Осыған орай жастар арасындағы қызығушылықтар мен бейімділікке дұрыс бағдар ұсыну, оның еліміз үшін тиімділігін көрсету, жастарды ұлтжанды әрі білімді етіп тәрбиелеу қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі болмақ. Жастардың білімді әрі тәрбиелі болуы олардың бойында қалыптасқан рухани, ұлттық әрі ізгілікті қасиеттерінің дәрежесіне қарай жүзеге асады. Қазақ халқы қашаннан бала тәрбиесіне, жас ұрпақтың дұрыс қалыптасуына ерекше мән берген халық. Сондықтан «баланы бастан» тәрбиелеу керек деген даналық сөз қалдырған. Жастарды, ел болашағы ретінде жасынан қайратты, қайырымды, ақылды, адал, әділ, өнерлі етіп өсіру мәселесі қай кезде де айрықша мәселе болған . Қоғамның қалыптасуы мен мемлекеттің өркениеттілігін арттыру үшін ондағы адамдардың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан жетілген болуына баса назар аударылады. Олай болса, біздің еліміздің болашағы болатын жастардың белсенділігі қандай бағытта дамуы керектігі өзекті мәселелердің бірі екені дауысыз. Қоғам табиғи, әлеуметтік және мәдени жақтарынан өзін жас ұрпақ арқылы қалыптастырды. Жастар белгілі бір жүйеде мемлекеттің болашағын құрайды, сондықтан да оның көңіл күйі, тәртібі мен хал-ахуалы қоғамдағы жалпы саяси және әлеуметтік-психологиялық жағдайдың өлшеуші барометрі ретінде танылады. Патриотизм, адамгершілік, шеберлік, жауапкершілік сияқты жеке қасиеттерді иеленуге ұмтылу жас қазақстандықтар үшін алға қойылуда. Сонымен, жастар саясатының ресурсын, мәдениеті мен ғылыми білімін, ұрпақтың саны мен сапасын, оның өмірінің деңгейін анықтайтын бағдарлар, екіншіден, еліміздің қауіпсіздігі мен ұлттық үйлестігін сақтау және дамытуға кедергі болатын теріс салдарды шектеу — әрбір мемлекет үшін маңызды мәселе.
R-ақпарат