Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі үнемі басты назарда. Балалардың қауіпсіз ортада білім алуы үшін қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп кешенді жұмыстар атқаруда.
Бүгінде қала аумағында 200-ден астам мектеп жұмыс істейді. Олардың барлығы жыл сайын өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік бойынша тексеруден өтеді. Әр білім ұясында өрт қауіпсіздігі жоспары бекітіліп, эвакуация жолдары, дабыл жүйелері, өрт сөндіру құралдары мен алғашқы көмек көрсету жабдықтары үнемі жаңартылып отырады.
Алдын алу шаралары. Өрттің алдын алу – қауіпсіздіктің ең маңызды бөлігі. Осы мақсатта мектептерде жүйелі түрде келесі жұмыстар жүргізіледі:
— Өрт дабылы жүйелері (пожарная сигнализация) толықтай орнатылған және қызмет етеді;
— Эвакуациялық жоспарлар барлық қабаттарға және көрінетін жерлерге ілінген;
— Өртке қарсы жаттығулар оқу жылы барысында кемінде 2 рет өткізіледі;
— Өрт сөндіргіш құралдар (огнетушитель) саны жеткілікті, арнайы стандартқа сай орналасқан;
— Мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер жыл сайын өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқамадан (инструктаж) өтеді.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен және ұжымымен жыл сайын түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы профилактикалық сабақтар өткізеді. Бұл сабақтарда балаларға өрттің шығу себептері, алғашқы әрекеттер, 101 нөміріне қоңырау шалу ережелері және қауіпті жағдайда өз-өзін қалай ұстау керектігі үйретіледі.
Жаттығу және эвакуация. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Шымкент қаласының барлық мектебінде «Өрт кезіндегі эвакуация» атты ауқымды оқу-жаттығу шаралары өтті. Іс-шара барысында оқушылар мен мұғалімдер белгіленген уақыт ішінде ғимараттан қауіпсіз шығуға машықтанып, өрт сөндірушілермен бірлескен оқу процесіне қатысты.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызмет мамандары әр мектептегі жаттығу барысын бақылап, нақты ұсыныстар берді. Жаттығу соңында талдау жұмысы жүргізіліп, эвакуация уақыты мен қауіпсіздік деңгейі бағаланды.
Техникалық жарақтандыру. Қазіргі таңда мектептердің 95%-дан астамы автоматты өрт дабылы жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар, өрт шыққан жағдайда өздігінен ашылатын эвакуациялық есіктер мен өртті шектеуге арналған есіктер орнатылған. Ғимараттарда өртке қарсы су құбырлары (пожарный гидрант) мен өрт сөндіру крандары жұмыс істейді.
Ата-аналар мен оқушылармен жұмыс. Қауіпсіздік тек мектеп ішінде ғана емес, ата-аналармен бірлескен жұмыс арқылы да қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта ата-аналарға арналған памяткалар таратылып, оқушылардың қауіпсіздігі туралы ақпараттық жиындар өтеді. Бұл оқушылардың мектептен тыс уақытта да қауіпсіздік ережелерін сақтауына ықпал етеді.
Өрт қауіпсіздігі – тек техникалық шаралар емес, бұл – білім беру мекемелерінің, ата-аналардың және балалардың ортақ жауапкершілігі. Шымкент қаласы бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мектептердегі өрт қаупі едәуір төмендеді.
Мамандардың айтуынша, профилактикалық шараларды үздіксіз жалғастыру – оқыс оқиғалардың алдын алудың ең тиімді жолы.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті алдағы уақытта да білім беру ұйымдарымен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.
