Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқытуды 3 бағыт бойынша жүргізіп келеді.
Бірінші – жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарға кәсіптік білім беру:
Жыл басынан 74 жұмыс берушіден, 29 мамандық бойынша өтінімдер қабылданып, 1632 адам дизайнер, автоэлектрик, кондитер, тігінші, визажист, аспаз және т.б. мамандықтар бойынша кәсіптік дағдыларды игеріп жолдама алса, оның 1553-і оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан.
Екінші — жұмыссыз топты жұмыс берушілердің жұмыс базасында кәсіптік оқыту:
Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 32 мамандық бойынша жүргізілді. Оқудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 3 (үш) ай мерзімге жалғасып, 760 азамат жолдама алды. Жалпы 774 азамат білім алып, тиісті куәлікке ие болды.
Үшінші – skills.enbek.kz онлайн кәсіби оқыту платформасы арқылы кәсіби білім беру:
Қазіргі таңда 1976 азамат оқуын аяқтады. Айта кетейік, мұнда талапкерлер 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсырады, онлайн курсты сәтті аяқтап, дағдыларды игеру туралы сертификат алады.
Қала бойынша жыл басынан бері 2400-ге жуық азамат кәсіптік білім игерген.
Жалпы аталған мүмкіндіктер арқылы жұмыссыз азаматтар, жаңа мамандық игеріп, кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік алады.
Айта кететін Шымкентте жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде алдынғы жылы 12 инфрақұрылымдық жоба нақтыланып, микрокредит беру және бизнесті дамыту бағыттары бекітілген болатын.
Жоба аясында 12 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 2 білім беру, 1 спорт, 1 сумен және 8 электрмен қамту нысандары бой көтеруде. Онда 392 жұмыс орындарын құру жоспарланса, оның ішінде 198 орынға азаматтар жұмысқа қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдау жоспарлануда. Бүгінде жоба аясында жалпы 230 азамат жұмысқа орналасса, орталық арқылы 154 азамат құрылыс жұмыстарына жолданды. Қазіргі таңда тартылған жұмыс күшімен нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктеп, жұмыс беруші-мердігер компанияға жолдайды.
Қала тұрғындары қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өту үшін Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады:
Бәйтереков көшесі №89 (Кәсіптік оқыту бөлімі — 8775-053-39-41)