• Пт. Дек 19th, 2025
Популярные метки

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАҢА КӨПІР САЛУ МӘСЕЛЕСІ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛУДЕ

Автор:admin

Дек 18, 2025

Түркістан облысының Келес ауданында Келес өзені арқылы өтетін ескі көпірдің орнына жаңа көпір салу жоспарлануда. Бұл жағдай облыс басшылығының тұрақты бақылауында болып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көпірді және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар белгіленген тәртіппен кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларымен бірге көпірдің құлауына байланысты оқиға орнына барып, көшпелі кеңес өткізді. Кездесу барысында жаңа көпір салу мәселелері талқыланып, тиісті ұйымдастыру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жобалау ұйымымен жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл көпір тұрғындар мен автокөліктердің қауіпсіздігі үшін маңызды инфрақұрылым нысаны болып есептеледі.

Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, аталмыш көпір 55 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Күн сайын ол арқылы мыңдаған тұрғындар мен жүздеген автокөлік қатынаған. Пайдалану мерзімі аяқталып, тозу деңгейі шекті көрсеткішке жеткен, ал бірнеше мәрте жүргізілген жөндеу жұмыстары қажетті нәтижеге жеткізе алмаған. Дегенмен, адам шығынына жол берілмеді, қауіптің алдын алу мүмкін болды. Қозғалыс жедел түрде тоқтатылды, төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдар жедел әрекет етті. Кеше тараған бейнематериалды да төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері түсірген. Жаңа көпір салу туралы шешім қабылданып, бұл жобаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін барлық күш жұмсалып жатыр. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында.

Көпірде жарықтар мен орталық тіректерінің шөгу белгілері бірнеше күн бойы жауған нөсер жаңбырдың салдарынан пайда болған. Осы себептен апатты жағдай туындап, көпір арқылы автокөлік қозғалысы шектеліп, нысан уақытша жабылды. Уақтылы қабылданған шаралардың арқасында адам шығыны мен материалдық залалдың алдын алу мүмкін болды. Зардап шеккендер жоқ.

Аталған көпір 1970 жылдары салынып, ұзындығы – 54 метр, ені – 11 метр, биіктігі – 6,5 метр. Ол арқылы Ушқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас және Ұшқын елді мекендерінің тұрғындары Абай ауылымен көлік қатынасын жүзеге асыратын. 2010 жылы көпірде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылы «Оңтүстік жолдары» МКК жағалауды бетонмен бекіту және өзен түбіне ірі тас төсеу жұмыстарын атқарған. Алайда ұзақ жылдар бойы пайдалану және тірек бағандарының түбінің шайылуы негізгі себеп болып саналды.

Қазіргі таңда автокөлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылған. Алпамыс батыр және Біртілек ауылдық округтері арқылы 10–15 шақырымдық айналма жолдардан қатынау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, көпір арқылы өткен «Дарбаза» ТСЖ-ның су құбыры зақымдануына байланысты Қошқаратын ауылдық округінің Ушқын елді мекеніндегі 136 абонент тәулігіне екі рет арнайы автоцистерналар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Су беру жүйесі толық қалпына келтірілгенге дейін су тасымалдау жалғасады.

Сонымен қатар, қалыптасқан жағдайға байланысты Ұшқын елді мекеніндегі 40 оқушы ағымдағы тоқсан аяқталғанға дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл шешім білім процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Алдағы уақытта жаңа көпірдің құрылысын жеделдету мақсатында жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Жоба аяқталған соң Келес өзені арқылы өтетін жол қауіпсіз, заманауи және сенімді инфрақұрылымға ие болады. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, автокөлік қатынасын қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызды нысандарға жетуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Келес ауданындағы көпір мәселесі облыс әкімдігі мен жауапты құрылымдардың тұрақты бақылауында екені ерекше атап өтіледі. Төтенше жағдайлар кезінде қабылданған жедел шаралар апатты салдарды болдырмай, тұрғындардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етті. Алдағы уақытта жаңа көпірдің іске қосылуы аудан тұрғындары үшін қауіпсіз және қолайлы қатынасты қамтамасыз етіп қана қоймай, инфрақұрылымдық дамудың маңызды символы болмақ.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *