• Сб. Ноя 8th, 2025
Популярные метки

«Заң мен тәртіп» тақырыбында жастармен кездесу өтті

Автор:admin

Окт 27, 2025

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Ахмет Яссауи кәсіби колледжінде «Заң мен тәртіп» тақырыбына арналған танымдық кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңға құрметпен қарау дәстүрін қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу. Бүгінгі таңда қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі – әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі мен тәртіптілігі. Осыған байланысты мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын нығайтып, олардың өмірге деген азаматтық ұстанымын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Кездесуге Түркістан облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ербекешов Нұрлан Хусанұлы мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкері Кененбай Арыстан Талғатұлы арнайы қатысып, жастармен ашық әрі мазмұнды әңгіме өрбітті.

Спикерлер өз сөздерінде заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдағы тәртіптің маңызы туралы жан-жақты тоқталды. Ербекешов Нұрлан Хусанұлы жастарға күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайлар мен оларды шешудің заңды жолдарын түсіндіріп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың салдарына нақты мысалдар келтірді. Ол сондай-ақ, жастарды өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс білуге, қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін сақтауға шақырды.

Ал Кененбай Арыстан Талғатұлы жастардың құқықтық сауатын арттыруда әлеуметтік белсенділіктің рөліне тоқталды. Оның айтуынша, әрбір жас өз ортасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, достары мен замандастарына үлгі болуға тиіс. Сонымен бірге ол жастарды мемлекет ұсынатын заңдық және әлеуметтік қолдау бағдарламаларымен таныстырып, өмірлік мақсат қою мен жауапкершілік дағдыларын қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайлар бойынша кеңес алды. Әсіресе, еңбек құқығы, азаматтық борыш, интернеттегі жауапкершілік, жеке деректерді қорғау, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүру ережелері және әкімшілік құқықбұзушылықтар жөнінде қызу пікірталас өрбіді.

Жастар тарапынан үлкен қызығушылық танытылған кездесуде еркін пікір алмасу алаңы құрылып, қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттырудың қоғам дамуы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Студенттер заң нормаларын тек қағаз жүзінде емес, күнделікті өмірде ұстану қажеттігін түсініп, өздерінің азаматтық позициясын нығайтуға ықпал алғандарын жеткізді.

Іс-шара соңында қатысушылар спикерлерге алғыстарын білдіріп, осындай танымдық кездесулердің жиі ұйымдастырылуы жастарға үлкен серпін беретінін атап өтті.

 «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы бұл кездесу – құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті нығайтудың, сондай-ақ жастарды заңға бағынуға тәрбиелеудің нақты үлгісі болды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да облыстың оқу орындарында тұрақты түрде өткізіліп, жас буынның құқықтық сауатын арттыруға бағытталмақ.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *