Мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты, биыл 1 225 200 теңгені құрайды. Сонымен қатар, бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топтарға – атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алатын адамдар және қандастар жатады. Грант беру процесі биыл электронды түрде өтеді, яғни адами фактор жойылып, грант алуға үміткердің талапқа сай келетіндігі (келмейтіндігі) жүйе арқылы анықталады. Бұл ретте үміткерлер өтінімдерін 1 наурыздан бастап іске қосылған «Еңбек-Бизнес» порталына ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) арқылы тапсырады.
Айта кететін жайт, аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту органдарында тіркеуде тұрған жұмыссыздар, мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтар қатарынан болуы тиіс. Сондай-ақ, грантқа үміткер «Бастау Бизнес» жобасының сертификатын (соңғы 3 жыл ішінде алған) және кемінде 1 жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметтерді ұсынады.
Мемлекеттік грант беру туралы шешімді грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссия шығарады. Комиссия жұмыспен қамту орталықтарының жанынан құрылады. Оның құрамына «Атамекен» палатасының өкілі, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, бизнес және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, сала эксперттері енеді. Комиссия отырысында үміткер бастапқы бизнес жобасын таныстырады. Айта кетейік, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының қатысушылары болып табылатын адамдар грант алуға үміткер бола алмайды. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Грант алушы грант алған күннен бастап 12 ай ішінде бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыспайды. Ескеретін жайт, грант бір рет беріледі. Халықты жұмыспен қамту орталығының өкілі гранттың мақсатты пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы биылғы жылы да онлайн-форматта өткізіледі.
Оқуға жоғарыда айтылғандай ХЖҚО тіркелген жұмыссыздар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер, мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, оның ішінде қызметін тоқтатқандар және жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар қатысады.
Оқыту жоспарларын қалыптастыру процесінде білім алушылардың кемінде 1/3-і жастар санатына және кемінде 1/3-і аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және мүгедектер санатына сәйкес келуі тиіс.
«Бастау Бизнес» жобасына қатысушы «Еңбек-Бизнес» порталына ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) арқылы тіркеліп, өтінім береді. Өтінім порталда нысаналы топқа сәйкестігі тексеріледі және мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде «Atameken Academy» порталына жіберіледі. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 күннен аспайды, ол тегін өтеді. Оқуды аяқтағаны туралы сертификат үш жылға жарамды.
R-ақпарат