Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Онда өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Премьер-министр өңдеу өнеркәсібін дамыту экономиканың орнықты өсуінің негізгі шарты екенін атап өтті.
Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға артты. Өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары сияқты негізгі сегменттердегі өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Жалпы, Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі кейінгі бес жылда шамамен үштен бірге өсті. Kia, Sinopec, John Deere, Claas сияқты жаһандық көшбасшылардың қатысуымен ондаған жаңа кәсіпорын іске қосылды.
Өткен жылы өңделген өнімнің экспорты $23 млрд-тан асты. Бұл ретте металл бұйымдары ғана емес, сонымен қатар машина жасау, химия, тамақ өнімдерінің экспорты да артып келеді.
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологиялар енгізу және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту жөнінде нақты міндеттерді айқындап берді. Дәл осы өңдеу секторында қосылған құны жоғары өнімдер жасалады. Біліктілігі жоғары жұмыс орындары ашылады. Өңдеу саласы еліміздің технологиялық егемендігін қалыптастырады. Бүгінде жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеу секторының үлесі шамамен 13%-ды құрайды. Экономиканы белсенді түрде әртараптандыру ісін жалғастыру маңызды. Біздің мақсатымыз – жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін, ал 2035 жылға қарай 18-20%-ға дейін жеткізу. Бұл нақты орындалатын міндет екенін ерекше атап өтемін. Ол үшін бізде шикізат, энергия, қолайлы географиялық жағдай, жас әрі білімді адами капитал тағы басқа да қажеттінің бәрі бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
ЖІӨ құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 13%-ды құрайды
