Құтқару қызметінің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басты басымдықтарының бірі. Осы орайда, жаз мезгіліндегі профилактикалық жұмыстарды жетілдіру, су айдындарында рейд жүргізу кезінде қызметкерлердің жеке қорғанысы мен жайлылығын арттыру мақсатында Шымкент қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасағының мамандарына жаңартылған жазғы қызметтік форма табысталды.
Жаңа форма – заманауи талаптарға толық жауап беретін, жеңіл әрі ыңғайлы материалдан тігілген арнайы киім жиынтығы. Оның басты ерекшелігі – ыстық климаттық жағдайда құтқарушылардың еркін қозғалуына мүмкіндік беріп, аптапта жұмыс істеуді жеңілдету. Бұл форма жазғы маусымда күнделікті су қоймалары, өзен-көлдер, демалыс аймақтарында профилактикалық рейдтер мен шұғыл әрекет ету шараларына қатысатын қызметкерлер үшін арнайы бейімделген.
Жаңа форманың жиынтығына мыналар кіреді:
— Құтқару желеті – суда жұмыс істеу барысында адам өмірін сақтау үшін ең негізгі құрал. Ол жеңіл әрі жоғары көтергіштікке ие;
— Гидрофутболка – арнайы суға төзімді, дене температурасын ұстап тұратын, ультракүлгін сәулелерден қорғайтын материалдан жасалған;
— Қысқа шалбар (шорты) – ауа өткізгіш материалдан, қозғалысты шектемейді;
— Бас киім (кепка) – күн көзінен қорғайды, жұмыс барысында ыңғайлы;
— Аквааяқ киім (аквашуз) – тайғанақ жерлерде қауіпсіз жүріп-тұруға арналған, су өткізбейтін әрі тез кебетін материалдан жасалған;
— Құтқару буы (поясы) – жүзу кезінде қолдануға арналған қосымша құрал.
Аталған форма жиынтығы құтқарушылардың денсаулығын қорғап қана қоймай, олардың кәсіби міндеттерін жылдам әрі сапалы орындауына жағдай жасайды. Су айдындарындағы жұмыс — жоғары физикалық жүктеме мен төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді талап ететін сала. Сондықтан бұл жабдықтар қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Айта кету керек, жаз мезгілінде Шымкент қаласы аумағында орналасқан су қоймалары мен демалыс аймақтарында күн сайын профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Құтқарушылар азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін ескертіп, жазатайым оқиғалардың алдын алуға күш салады. Мұндай жауапты міндетті сапалы орындау үшін арнайы жабдықталған және ыңғайлы форма – аса маңызды.
Шымкент қаласы ТЖ департаменті құтқарушылардың техникалық жарақтандырылуын әрі қарай жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды үлес қосады.
