• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Жастар…ТАЛАП ҚЫЛ АРТЫҚ БІЛУГЕ

Автор:admin

Июн 10, 2022
Spread the love

«Еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданды. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңгені ғана құрамақ».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жастар жылының жабылу салтанатында осылай деп мәлімдеген болатын.

СТУДЕНТТЕРГЕ БАЗАРЛЫҚ

Жастар үшін Қазақстан Республикасы көптеген мемлекеттік бағдарламаларды қосып оны жүзеге асыру жолдарын қарастырып келеді. «Кез келген елдің табысы ел ішіндегі азаматтардың өз жеке жетістігінен құралады. Бүгінгідей жоғары бәсекеге қабілетті әлемде ешкім де туғаннан табысты бола алмайды. Бұл үшін әрқашан еңбектеніп, өз-өзіңді дамытуың қажет», — деді Президент өз сөзінде. Айта кетейік, 2018 жылдың 5 қазанында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Бұл жайында тиісті жарлыққа 2018 жылдың 14 қарашасында қол қойылды. Үкімет жоспарына сай Жастар жылы өскелең ұрпақты қолдау мақсатында жастарды тұрғын үймен, жұмыспен қамту, оларға сапалы әрі қолжетімді білім беру маңызды әрі өзекті деп танылды. «Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – Президент ретіндегі менің басты міндеттерімнің бірі» деген Қасым-Жомарт Тоқаев, бүгінде диплом басып шығарып, таратуды әдет еткен жоғары оқу орындарына тиісті шара қолданылуы тиіс деп, алдағы Тышқан жылы отандық ЖОО және колледж студенттерінің стипендиясын көтеру жөнінде шешім қабылдағанын жария етті. Президент өз сөзінде, 2020 жылдың 1 қаңтарынан қазақстандық бакалавриат, магистратура және докторонтура студенттерінің стипендиясы 25%-ке көтеріледі деп мәлімдеді. Бұл шара 130 мыңға жуық адамды қамтымақ. Мемлекеттің бұл мәрттігі кәсіптік білім саласын да айналып өтпейді. Мемлекет басшысы өз сөзінде колледж студенттерінің стипендиясы да ұлғаяды деп уәде берді. Жалпы, елімізде 2016 жылдан бері студенттердің стипендиясында өзгеріс болған жоқ-тын. Baribar.kz ақпараттық порталы келтірген мәліметке жүгінсек, білім беру ұйымдарында білім алатындарға төленетін мемлекеттік стипендия мөлшері 2015 жылдан бастап бакалавриат студенттеріне – 20 949 теңге, интернатура студенттеріне – 37 945, магистранттарға – 53 530 теңге, докторонтура студенттеріне – 81 998 теңге деңгейінде деп көрсетілген.

GENERATION NEET

Мемлекет басшысы, сондай-ақ бүгінде ел ішінде NEET-жастар деп танылғандардың саны арта түскеніне де мән берді. Әлеуметтанушылардың мәліметінше мектеп түлектерінің 20%-тен астамы қазір білімсіз, жұмыссыз үйде отырса керек. Әдетте бұл санаттағы жастардың басым бөлігі қоғам өмірінен мүлдем сырт қалып, мемлекеттің жастарды қолдау саясатынан хабарсыз қалып жатады. Президент бұл тұрғыда жастар ұйымдары, жастардың ресурстық орталықтары, әсіресе ауылдық жерлерде, жастардың осы санатына барынша көңіл бөліп, нақты ұсыныс-жобалар мен іс-шараларды қолға алуы қажет дегенді ескертті.

NEET – not in education, employment or training, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін немесе біліктілігін арттыруға көңіл бөлмейтін жастар категориясы. Бұл тұрғыда оларды: білімі бар, бірақ жұмыс істемейтіндер (ата-анасына қарап отырғандар); жас босанған келіншектер/жалғызбасты жас аналар және мүмкіндігі шектеулілер; жұмыссыз жүрген ауыл жастары; тұрақты жұмысы жоқ, ресми салық төлемейтін фрилансерлер; әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардағы ЖОО-ға түсе алмай, жұмыссыз отырғандар; бейәлеуметтік топқа жататындар деп бөлуге болады. Халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылға арналған баяндамасында, соңғы 20 жылда дүние жүзі бойынша жастар саны 139 млн адамға артып, оларды жұмыспен қамту көрсеткіші 35 млн адам шамасында қысқара түскені туралы деректер бар. Айтқандай, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы» келтірген мәліметтерге сәйкес, бүгінде елімізде ЖОО түлектерінің шамамен 60%-і өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайтын көрінеді. «Жастар оқып жүріп те қосымша жұмыс істеуге ден қоятынын білеміз. Бұл жақсы, әрине, бірақ өз мамандығы, өз саласы бойынша жұмыс істеуге көңіл бөлу керек. Әйтпесе, алған білімі мен еңбек қызметі бір-бірімен ұштаспай қалады», — дейді бұл тұрғыда мемлекет басшысы.

«ҰЛЫ КӨШТЕН КЕШ ҚАЛМАЙЫҚ»

ХХІ ғасырда білім сапасы қоғам мүшелерінің экономикалық белсенділігіне тікелей әсер етуде. Сондықтан да бүгінде жастар үшін өзінің жеке тұлғалық әлеуетін жүзеге асырып, өз бойындағы қарым-қабілетін жетілдіре білу өте маңызды. Яғни, еңбек нарығында өз орнын табу үшін бүгінгі таңда жастарға бір ғана жоғары білім туралы диплом жеткіліксіз. Отандық HR-саласының сарапшылары осындай пікір айтады. Хамит ЖАНДАРБЕК, ІТ нарығындағы компанияда HR-маманы. «Бүгінгі жастар, яғни 18–29 жас аралығындағы замандастар ескерер мәселе – біз өмір бойы оқып, білім алып, үйренуді әдет етуге тиіс ұрпақпыз», — дейді ол. Хамиттің пікірінше, бір ғана мамандықты игеріп, тек сол салаға маманданып, еңбек ету деген ұстаным қазіргі таңда әбден ескірген. Өйткені ХХІ ғасыр инновациялардың қарыштап самғау кезеңі. Бүгінгі адам осы талапқа сай болып, қоғам ішіндегі жаңалықтарға жедел бейімделе білуі тиіс. Ал бұл үшін, ең алдымен, сапалы білім керек. «Жоғары білімді білікті маман дегеніміз қазір, әншейін, бакалавр, магистр не PhD деңгейіндегі дипломы бар адам ғана емес. Ол бүгін әлемдік деңгейдегі шет тілдерді жақсы меңгерген, ақпараттық технологияларды барынша игерген, өз-өзін шыңдап-жетілдіруге мүдделі, ұжым ішінде жұмыс істей алатын, жан-жақты дамыған, салауатты өмір салтын ұстанатын, спортқа құмар, маңайындағы жұртты сыйлай білетін (оның тіліне, дініне, мәдениетіне мін тақпай-ақ), бәсекеге қабілетті жан бола білуі тиіс. Бұл заман талабы. Мен қазақ жастарын, біздің замандастарымызды осы ұлы көштен кеш қалмауға шақырар едім», — дейді HR-маманы Хамит Жандарбек. Бұл пікірді ChocoFamily жобасының басшысы Рамиль МУХОРЯПОВ та қолдап отыр. «Қазіргі таңда адам өмірі озық технологияларға тәуелді, ал бұл технологиялар алдымен ағылшын тілінде шығады. Сондықтан да ағылшын тілін жетік меңгеруге көңіл бөлу керек. Бүгінде ағылшынша білмейтін адам тың жаңалықтарды кеш естіп, көп білімнен құр қалып жатады», — дейді танымал кәсіпкер. Ресейлік танымал экономист Сергей ГУРИЕВ, білім – бәсекеге қабілетті экономиканың негізгі факторы дегенді айтады. Ал бүгінгідей технологиялардың қарқындап дамуы кезеңінде адами капиталға инвестиция салу әлем бойынша өзекті мәселе. «Әсіресе бүгін, әлем елдері өзара кедергілерді жоюға (оның ішінде қызмет және идеялар саудасында да) талпынып жатқан кезеңде сапалы білім алу, жаңа мүмкіндіктерді игеру экономикасы әлдеқашан дамыған елдер үшін де аса өзекті. Бірақ бұл арада мәселе тек жаңа мектеп салып, онда қандай білім беру керек дегенге келіп тірелмеу керек. Мәселе бұдан да ауқымды: болашағын ойлаған ел жас ұрпақты, жастарды, балаларды өмір ағымына, заман талабына бейімделе білуге үйрету керек. Олар орта мектеп пен институтты бітірген соң да өз білімін шыңдап, өзінен кейінгі буынмен бөлісуге әзір болуы тиіс. Білім беру саласы бүгінде тек қана педагогикалық сектормен шектелмегені дұрыс. Білім беру саласы бизнеспен бірлесе отырып, дипломнан кейінгі бәсекеге қабілетті сапалы білім қалыптастыруды ойластыруы керек», — дейді ресейлік экономист.

R-ақпарат

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика