• Пн. Янв 26th, 2026
Популярные метки

ЖАСТАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Автор:admin

Янв 14, 2026

Бүгін Ордабасы аудандық мәдениет сарайында «Жасөспірімдер арасында суицид, лудомания және қылмыстың алдын алу мен болдырмау» тақырыбында маңызды профилактикалық жиын өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында теріс әрекеттердің алдын алу, олардың психологиялық тұрақтылығын арттыру, құқықтық сауаттылығын қалыптастыру және қоғамдағы жауапкершілік сезімін нығайту болып табылады. Аталған жиын жастарды зиянды әдеттерден, заңсыз әрекеттерден қорғауға, олардың дұрыс өмірлік бағдар алуына бағытталған маңызды платформа ретінде ұйымдастырылды.
Жиын мәдениет сарайы қызметкерлері дайындаған тәрбиелік мәні жоғары арнайы көрініспен ашылды. Бұл көрініс жастардың эмоционалды қабылдауын арттырып, профилактикалық іс-шараның мәнін терең түсінуіне мүмкіндік берді. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы жүргізіп, жастарды өмірлік маңызды құндылықтарға бағдарлау, психологиялық қолдау мен құқықтық тәртіптің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында әр сала мамандары жасөспірімдерге бағытталған тақырыптарды жан-жақты қозғады. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Досанов жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу стратегияларын, лудомания мен суицидтің алдын алуға арналған іс-шараларды таныстырды. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрдос Төрехан құқықтық тәртіп, заңға бағынудың маңыздылығы, жасөспірімдерге қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселелерін түсіндірді. Аудандық отбасын қолдау орталығының психолог маманы Әдемі Махамбет жасөспірімдерге психологиялық қолдаудың, отбасылық тәрбиенің рөлін түсіндіріп, олардың эмоционалды тұрақтылығын сақтау жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар «Шуақты аналар» қоғамдық ұйымының төрайымы Байжұман Қалдан жастарды әлеуметтік қауіптерден қорғау және қоғамдағы оң тәртіпке бейімдеу жөнінде баяндамасын жасады. Р.Бердібай атындағы жалпы білім беретін мектептің психолог маманы Гүлбайра Адырбекова оқушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, стресс пен агрессияны тиімді басқару жолдары туралы маңызды кеңестер берді. Ауданның бас имамы Бахыт Әбусейіт рухани-адамгершілік тәрбиенің маңыздылығын, отбасылық құндылықтар мен дін арқылы тәрбиелеудің жастарға берер пайдасын атап өтті.
Спикерлер жастардың құқықтық сауаттылығы, психологиялық қолдау алу мүмкіндіктері, рухани және адамгершілік құндылықтарды ұстану маңыздылығын жан-жақты атап өтті. Олардың айтуынша, жасөспірімдер арасында теріс әрекеттердің алдын алу тек мектеп немесе отбасы деңгейінде ғана емес, қоғамның барлық институттарының бірлескен күш-жігерімен жүзеге асуы тиіс.
Жиын соңында Отырар ауданы прокурорының орынбасары Изтлеуов Серік Нұрмаханович қорытынды сөз сөйлеп, жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын, әрбір профилактикалық іс-шараның нақты нәтиже беруі үшін тиісті бақылау мен талдау жүргізілетінін атап өтті.
Айта кету керек, аталған жиын жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қоғамдағы теріс құбылыстардың алдын алуға бағытталған маңызы зор іс-шара болды. Бұл тек ақпараттық кездесу емес, ол жастардың өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға, психологиялық тұрақтылығын арттыруға және құқықтық сауаттылығын жетілдіруге бағытталған кешенді іс-шара болып табылады. Сонымен қатар жиын жас ұрпақты жауапкершілікке, әлеуметтік белсенділікке, өз өміріне және айналасындағы адамдарға қамқорлықпен қарауға тәрбиелейтін маңызды алаңға айналды.
Алдағы уақытта аудан әкімдігі мен білім беру, құқық қорғау және қоғамдық ұйымдар тарапынан жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың дұрыс өмірлік бағдар алуына бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатын болады. Мұндай кездесулер жастарға тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, қоғамдағы теріс құбылыстардың алдын алуға, олардың жауапкершілік сезімін күшейтуге және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға нақты үлес қосады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *