Әлеуметтің әлеуетін көтеру, жастарды жұмыспен қамту бағытында қандай жұмыстар жүргізіп жатқанын білу мақсатында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаеваны әңгіме тартқан едік.
– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – бүгінгі күннің негізгі міндеті. Осы орайда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның іске асырылу барысы қалада қалай жүріп жатыр? Мемлекет басшысының тапсырмасының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту. Сол себепті де тұрғындарды жұмыспен қамту күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған. Яғни халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – негізгі міндет. Осы мақсатта «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» жүйелі түрде жүзеге асуда. Себебі тұрғындардың әлеуеті жақсармай, жұмыссыздар саны азаймай, еліміздің алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. Қазіргі уақытта қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі арқылы 28 мемлекеттік қызмет, бөлімге қарасты орталықтар мен бөлімшелер арқылы 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, оның ішінде 5-уі жұмыспен қамту орталығы арқылы көрсетілуде. Атап айтсақ, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бойынша қалада көптеген жұмыс атқарылуда. Жоба аясында жұмыссыздарға жұмыс табуға мүмкіндік жасалды. Мәселен, қала бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 4 мамандық түрі бойынша 120 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланып, бүгінгі күнге 40 адам пішуші, 40 адам тігінші, 19 адам электро-монтаждаушы мамандықтары бойынша, барлығы 99 адам оқуға жолданды. «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқуға 3793 адам жолданып, оның 3004-і оқу курстарын аяқтап, 150-і мемлекеттік грант алды. Ал Ұлттық жобаның бір бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары арқылы жүзеге асады. Оның ішінде жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға 2505 адам жолданып, оның 78-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 63 мекемемен келісім-шарт жасалып, 169 адам жолданды. Мерзімінен бұрын 40 адам жұмыстан шығып, 35-і тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесін ұйымдастыру бойынша 337 мекемемен келісім-шарт жасалған. Сол арқылы 768 адамға жолдама беріліп, 23-і тұрақты жұмысқа орналасты. «Алғашқы жұмыс орнына орналастыру бойынша» 44 адам жұмысқа жолданды. Ал «Күміс жас жобасы» аясында 17 зейнеталды жастағы адамдарға қаражат бөлінді. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына 5 адамға қаражат бөлінді. Алдағы уақытта межелеген жоспардың толығымен орындалуына жұмыс жасалады.
– Жұмыссыздық мәселесі еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Қаламыздағы ахуал қандай?
– Жастарды тұрақты жұмыспен қамту – қаламызда жүзеге асып жатқан маңызды міндеттің бірі. Мемлекет осы бағытты назарға алып, тиісті бағдарламалар ұсынды. Соның нәтижесін жұмыссыз жастар көруде. Бағдарламаның оң нәтижесі көп. Жастар жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта қала бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты деңгейде. Биыл 10673 жаңа жұмыс орнын ашу, оның ішінде тұрақты жұмысқа 5721 адамды орналастыру жоспарланды. Бүгінгі күнге 6275 жаңа жұмыс орны ашылып, оның ішінде 2700 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
R-ақпарат