Қысқы жылыту маусымы қарсаңында Шымкент қаласының Еңбекші ауданында өрттің және улы газбен уланудың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шара Еңбекші ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастамасымен, газ-техникалық қызмет мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылды. Шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жылыту маусымында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу.
Аталған профилактикалық жұмыс Азат шағын ауданының тұрғындары арасында өтті. Бұл аумақта негізінен жеке тұрғын үйлер орналасқан, олардың басым бөлігі қатты отынмен жылытылатын пештерді қолданады. Мұндай жағдайда өрттің туындау қаупі жоғары, сондай-ақ көмірқышқыл газымен улану жағдайлары да жиі кездесуі мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындармен кездесіп, өрт қауіпсіздігі және улы газбен уланудың алдын алу тақырыптарында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Түсіндіру барысында азаматтарға төмендегі мәселелерге ерекше назар аударылды:
— Жеке тұрғын үйде пеш жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау;
— Пеш мұржаларын уақтылы тазарту қажеттілігі;
— Электр және газбен жылытатын құрылғыларды дұрыс пайдалану тәсілдері;
— Улы газдың адам өміріне қауіптілігі мен уланудың алғашқы белгілері;
— Төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету тәртібі және жедел қызмет нөмірлері (101, 112) туралы ақпарат.
Қызметкерлер тұрғындармен тікелей диалог құрып, әр сұраққа түсінікті әрі нақты жауап беруге тырысты. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша арнайы жадынама парақшалары таратылды. Бұл парақшаларда көрнекі иллюстрациялар мен қысқаша нұсқаулықтар арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары баяндалған.
Аталған іс-шара аясында әлеуметтік осал санатқа жататын бірқатар отбасылардың үйлеріне арнайы барып, пеш мұржаларын тазарту жұмыстары да жүргізілді. Бұл – уланудың және өрттің алдын алудың тиімді шараларының бірі. Қатты отынмен жанатын пештерді дұрыс қолданбау, түтін тарту жүйесінің бітелуі немесе ақаулығы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуді мақсат етіп отыр.
Еңбекші ауданы ТЖБ мамандарының айтуынша, тұрғындар қауіпсіздік талаптарына селқос қарамауы тиіс. Әсіресе, отты қолдану кезінде аса мұқият болу, балаларды қараусыз қалдырмау, ескі немесе техникалық ақауы бар жылыту құралдарын пайдаланбау — өрт пен уланудың алдын алудың ең басты жолдары.
Мұндай алдын алу шаралары алдағы уақытта да қаланың өзге аудандарында жалғасын табады. Себебі кез келген төтенше жағдайдың алдын алу – тұрғындар мен жергілікті билік органдарының ортақ міндеті.
